Ұлы жазушы Мұхтар Мағауин өмірден озды. Бұл туралы ұлы Едіге Мағауин өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Арыстан ӘКЕМ фәниден бақиға аттанып кетті, АҚШ-тың Мерилэнд штатындағы үйінде, бала-шағасының ортасында, 2025 жылғы қаңтардың 9-ы, жергілікті уақыт бойынша сағат 19:55-те (Қазақстан уақыты бойынша қаңтардың 10-ы, сағат таңғы 5:55)», - деп жазды Едіге Мағауин.
Сондай-ақ ұлы Мұхтар Мағауиннің "Көлме-көл" толық шығармалар жинағы, 26-шы томынан үзіндіні келтірді.
“Мына Мен – айбынды Ғұн, ержүрек Түрік, кемеңгер Шыңғыс хан, Асқақ Алтын Орда, оған жалғас нұр шұғылалы Алаш әулеті – бар ғұмыры жарыққа ұмтылған арпалыс үстінде өткен Мұхтар Мағауин – көзім жұмылған мезетте, бұрнағы Алапат Бабаларым сияқты, өлмес, өшпес, Мәңгілік Аруаққа айналам! Иә!”, - делінген жазбада.
Барша қазақ халқына, жазушының жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.