Мұндай шешім CNCP әріптестік бағдарламасының мамандары тобының Қазақстанға сапары кезінде қабылданып, сапар аясында Ұлыбританиялық сарапшылар ядролық технологиялар саябағының жобасын жасаушылармен кездесті. Ұлыбританиялықтар дәл осындай саябақ құру барысында Ресейде жинақталған тәжірибені пайдалана отырып, жобаның рыноктық зерттеулерін жүргізуге қолдау көрсетпекші.
Курчатов қаласында еркін экономикалық аймақ пен техносаябақ салуға дайындық жұмыстарын жүзеге асыру барысында ҚР Ұлттық ядролық орталығының мамандары Ұлыбританиялық сарапшылар тарапынан жәрдемдесу туралы CNCP әріптестік бағдарламасымен бір жылдан бері келіссөздер жүргізуде. Маркетингтік зерттеулер жүргізуге оқыту, техника-экономикалық негіздемесін әзірлеуге және техносаябақтың бизнес жоспарын жасауға қол ұшын беру жайында өтініш жасалып отыр.
"Бірнеше ондаған жылдар бойы аса құпия әрі оқшауланған жағдайда бір ғана тапсырыс берушіге жұмыс істеп келген бұрынғы жабық ғылыми орталықтардың институттары мен тұрғындары әзірге жеткілікті коммерциялық тәжірибе жинақтай қойған жоқ",- деді Н.Жданова. Сол себепті CNCP әріптестік бағдарламасымен жұмыс барысында ғалымдар мен бұрынғы қару-жарақ жасаушы мамандардың кәсіпкерлік машық-тәжірибесін жетілдіруге баса назар аударылмақ.
Ұлыбританиялық бағдарлама көбінесе азаматтық сектордағы зерттеулер, жобалар, өндірістер мен қызметтерді қаржыландыруға бағытталмақшы. Бұрынғы жабық қалалардың ресурстары, тәжірибесі мен ілім-білімін ескеру негізінде бұл жобалар тұрақты жұмыс орындарын құру мен болашағы бар өндірістерді дамытуға арқау болмақ. Ұлыбританиялық және басқа да шетелдік әріптестермен ықпалдастық арқасында осындай өнімдер мен қызмет түрлерін коммерциялық сипатқа көшіру мүмкіндіктерін дамытуға басты назар аударылады. Жобада Курчатов ғалымдарын жалпы менеджмент және жобаларды басқаруға оқыту ісі де қарастырылған.