Ұлыбритания патшайымы 2-ші Елизавета мен премьер-министр Дэвид Кэмерон енді жеңіл тыныстай алады. Себебі Шотландия Біріккен Корольдік құрамында қалатын болды. Референдумға қатысқан азаматтар 300 жылдан бергі бірлікті бұзбауды жөн көріпті. Ал Шотландияның премьер-министрі әрі тәуелсіздіктің бастамашысы Алекс Салмонд ресми нәтиже шықпай жатып-ақ өз жеңілісін мойындады.
Алекс Салмонд, Шотландия премьер-министрі:
- Бұл тарихи кезеңде берілген дауыстардың басым бөлігі Шотландияның тәуелсіз болғысы келмейтінін көрсетті. Мен бұл шешімді қабыл аламын және барлық шотландиялықтарды осыны мойындауға шақырамын.
Бірақ Салмонд өз сөзінде бұл жеңілістің тек уақытша екенін айтты. Яғни болашақта Шотландияда тәуелсіздік алу мәселесі қайта көтерілмек. Бұған негіз де жоқ емес. Себебі «иә» және «жоқ» деп дауыс бергендердің арасындағы айырма тек 10 пайыз ғана, яғни 400 мың адамды құраған. Мұндағы халық саны 5 млн 800 мың екенін ескерсек, қоғамның қалайша қақ айырылғанын байқауға болады. Ал Дэвид Кэмерон бұл нәтижеге, әрине, қатты қуанды.
Дэвид Кэмерон, Ұлыбритания премьер-министрі:
-Шотландия жұрты өз сөзін айтты. Нәтиже айқын-ақ. Олар біздің корольдікті сақтауды жөн көрді. Миллиондаған ұлыбританиялықтар сияқты мен де бұл хабарға қуаныштымын. Еліміз жіктеліп кетсе, менің жүрегім қақ айырылар еді.
Жалпы, өз болашағын айқындауға Шотландия тұрғындарының 85 пайызы келіпті. Егемендікті ерекше қолдағандар қатарын Глазго мен Данди тұрғындары бастаған. Ал Англиямен шекаралас графтықтар тіпті түгелдей тәуелсіз болуды қалапты.
- Біз көптен бері Ұлыбританияның құрамында болдық. Тәуелсіздік алғанымызда барлығы басқаша, өз қалағанымыздай болар еді.
- Көз жасыма ерік бергенім үшін кешіріңіздер. Мен Шотландия азаматымын. Бірақ Ұлыбритания құрамында қалғаныма қуанамын. Себебі өзім Біріккек Корольдікте тұрғым келеді.
Дэвид Кэмерон Алекс Салмондты Шотландия парламентінің құзыретін кеңейту жайын талқылау үшін келіссөзге шақырды. Ресми Лондон енді экономикалық және саяси мәселелер бойынша Эдинбургке біраз еркіндіктер беруі мүмкін.