Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы Tengrinews.kz-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлыбритания сыртқы істер министрінің орынбасары Джеймс Клеверли жаңа санкциялардың кейбірі бүгін, 24 ақпанда жарияланып, жүзеге асырылатынын айтты.
"Халықаралық достарымыз және одақтастарымызбен ынтымақтаса отырып, негізсіз шешімді жазалау үшін бұрын-соңды болмаған санкциялық жауап береміз. Бұл Ресей бұрын-соңды көрмеген ең ауқымды және ең қатал санкция болады", - деді ұлыбританиялық шенеунік.
Клеверли Лондонның Украинаға қорғаныстық қару-жарақ жеткізу түрінде әскери көмек көрсетуді жалғастыратынын айтты.
"Путиннің Украинаға жасаған шабуылы негізсіз. Біз мұны барынша қатаң түрде айыптаймыз. Ұлыбритания бұл агрессия актісіне жауап беру үшін халықаралық серіктестермен жұмыс істейді", - деп түйіндеді министр.
Айта кетейік, 23 ақпанда Ресей президенті Владимир Путин Донбасста арнайы әскери операция өтетінін мәлімдеді. Сонымен қатар ол Ресейдің жоспарында Украинаға шабуыл жасау мақсаты жоқтығын айтты. Осы уақытта CNN тілшісі Киевте тікелей эфир кезінде бірнеше жарылыс дыбысын естігенін айтты.
Бұған дейін Ресей Украинаға толыққанды шабуылды бастағаны хабарланған болатын. Жергілікті тұрғындар да Ресей мен Украина шекарасындағы бірқатар қалада жарылыс болғанын айтты.
Кейін Украина президенті Владимир Зеленский бүкіл елде әскери жағдай жарияланғанын мәлімдеді.