Ұлыбританияда қамауға алынған қазақ спортшысы ертең бостандыққа шықпақ


Жазира Тілешева, Азамат Теңізбаевтың анасы:

- Ұлымды көрдім. «Уайымдамаңыз, жыламаңыз, мен кінәлі емеспін» деді. «Дұрыс түсінбегеннен қол қойдым» деп балам айтып отыр. Біз енді 5-қыркүйекке дейін осында жатамыз. Баламды шығарса, күнде барып, полицияға тіркеліп, қол қойып, қадағаланып тұруымыз керек.

Естеріңізге салсақ, таэквондадан ұлттық құрама сапында Мексикаға әлем чемпионатына аттанған 18 жастағы Азамат Теңізбаев Ұлыбритания әуежайында 22-ші шілдеде тұтқындалған болатын. Оған ұшақта қасында отырған қызға «жыныстық емеурін көрсетті» деген айып тағылған еді. Бірақ спортшының өз айтуынша, ұйықтап кетіп, бойжеткенге абайсызда қолы тиіп кеткен. Енді, міне, өткен жұмада алғашқы тыңдалым өтіп, сот 6 мың фунт стерлинг кепілмен Азаматты уақытша еркіндікке шығаруға рұқсат беріп отыр. Десе де отандасымыздың толық ақталар-ақталмасы келер аптада белгілі болмақ. Бір айта кетерлігі, «зәбір көрсетті» деп жас спортшымызды айыптаған ағылшын емес, иран қызы екен.