Қазақтар енді бес қайнаса сорпасы қосылмайтын үнді халқының салт-дәстүрі бойынша той өткізе бастады, деп хабарлады Сaravan.kz медиа-порталы.
Оған әлеуметтік желіге Толқын Сұлтанова жүктеген мына видео дәлел бола алады. Желі қолданушысы өз парақшасына былай деп жазыпты:
Мына фото, видеолар уотсап арқылы келді. Ақтауда болған той деседі... "Алтын ғасыр" мейрамханасы... Сонда өз салт-дəстүрімізден жеріп болдық па? Қазақ екенімізден ұялатын халге жеттік пе? Үнді сериалдарының жеңісі. Рейтинг қуған телеарналардың қол жеткізген биігі...
Бұл жағдай көпшіліктің ашу-ызасын туғызды. Бірқатары барлық телеарналар жаппай жылдар бойы сағызша созылатын үнді сериалдарын күні түні көрсете берсе сана уланбай қайда барады деп билікті кінәласа, енді бірі осылай той өткізіп жүрген той иелеріне кінә артыпты. Желі қолданушылары осылайша өз ұлттық салт-дәстүрімізден жеріп жүрген қандастарымыздың бұл қылығына қатты өкініш білдіруде.