"Үнділер құсап мәйіттерімізді өртеп жүрмейік": Балғынбек Имаш жер қазақстандықтарға да сатылмасын деді

Балғынбек Имаш бұл туралы желіде жазды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы. 

"Әссәләму ғәләйкум уә рахматуллаһи уә бәрәкәтүһ.
Жұма берекелі болсын, жақсыларым.
"Жер шетелдіктерге сатылмайтын және жалға берілмейтін болды" деп бөркімізді аспанға атып қуану қандай бейшаралық?
Жер деген Мемлекет болудың алғы шарты емес пе? Ұлтсыз Мемлекет құруға болады. Бірақ, жерсіз Мемлекет болмайды!
Жерді сату - Отанды сату! Біз кешелі бері "Президент Отанды сатпайтын болды" деп қуанып жүрміз.
Қасымжомарт Кемелұлына рақмет! Даулы мәселенің нүктесін қоюға пәрмен берді. Енді Парламенті бар, басқа да құзырлы органдар осы мәселені күлбілтелемей, кібіртіктемей шегелеп тастаса жарар еді.
Бірақ, ең басты мәселе:
Жер қазақстандықтарға да сатылмасын!!!
Бүгін жемқорлықпен, парақорлықпен болсын, адал кәсіппен болсын (бұл мүмкін бе біздің елде?) дүние жиып үлгерген бай-бағландар, қалаған жерін меншіктеп алып, ертең келетін ұрпақ үй салып, мал бағатын, егін егетін жер түгіл өлігін көметін көр таба алмай, үнділер құсап мәйіттерімізді өртеп жүрмейік.
Екіншіден, қазақ қызына үйленіп, я болмаса, басқа да себептермен Қазақстан азаматтығын алған "келімсектерге" де жер сатылып, жалға берілмесін! Мемлекетті құраушы кім болса, жер де соныкі. Ұлан байтақ жерді қанымен қорғап, ұрпағына мұра қалдырған бабаларымыздың аманатына қиянат жасауға болмайды.
Әрине, бұл шешімге қуанбайды емес, қуанамын! Қуана отырып ұяттан қызарамын, ызадан қуарамын.
Өз мемлекетіңде отырып өз жеріңе, өз тіліңе, өз дініңе, өз жанұяңа, өз денсаулығыңа қастандық жасалмағанына мәз болып қуану - қандай қасірет?!.",- деді айтыскер Балғынбек Имаш.


Еске салсақ, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев көпті толғандырып, жүрген өзекті мәселеге нүкте қойған болатын. Президент ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер шетелдіктерге сатылмайды және жалға да берілмейді деді және шұғыл түрде заң жобасын жасауды тапсырды. Ендігі кезекте бұл шешімді заң жүзінде бекіту қажет.