Ал, бүгін Ертіс өңірінде Алматыға арнайы әуе рейсімен жеткізілетін Универсиада алауы жағылды.
Бүгін Ертіс өңірінде мерекелік атмосфера қалыптасқан. Тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш болатын байрақты бәсекеге павлодарлықтар да қолдау білдіріп жатыр.
28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиада алауы аймақтағы белді оқу орны Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қабырғасында жағылды. Павлодарлық қатысушылар спорттың 3 түрінен дайындалып жатыр. Шаңғы жарысы бойынша – 3, биатлоннан – 5, шайбалы хоккейден 2 спортшы қатысады. Қысқы спорт түрлері ішінде биатлон өңірімізде жақсы дамыған. Биатлоншыларымыз Антон Пантов, Дарья Усанова, Максим Браун, Тимур Куц және Александра Сасиналар талай мәрте халықаралық және республикалық дәрежедегі жарыстарда топ жарып жүр. Бұл сыннан да сүрінбей өтеді деген сенім мол.
- Жалпы, аймағымызда қысқы спортты дамытуға қолайлы жағдай туған. Ертіс пен Усолка өзенінің бойында шаңғы базалары орналасқан. Бұл ретте елімізге танымал шаңғышы қыздарымыздың есімін атап өтпеуге болмас, деді облыстық спорт басқармасының бас маманы Айбек Ақылбеков.
Универсиадаға жолдама алған Анна Шевченко, Ирина Быкова, Дарья Ряжколардың қоржыны да жүлдеге толы. Шаңғышы қыздарымыз намысты қолдан бермесі анық. Ал, Универсиада алауы эстафетасына қатысу мәртебесіне үздік студенттер, спорт ардагерлері мен атақты спортшылар ие болды. Олар 11 шақырымды жүгіріп өтіп, алауды «Астана» мұз сарайына жеткізді. Универсиада алауын кіргізу құрметі грек-рим күресінен спорт шебері, кадеттер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған Мағзұмов Елдосқа бұйырды.
Ертіс-Баян өңірінде Универсиада құрметіне мерекелік шаралар ұйымдастырылған. Спортшыларымызды қолдауға келген жұрттың қарасы қалың. Дәл осы жерден Универсиада алауы Алматыға жол тартады. Ал, біз спортшыларымызға жеңіс тілейміз!