Ұ.Қарабалин бензин бағасы тағы да төмендеуі мүмкін екенін айтты

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.

«Өздеріңіз де білетіндей, соңғы 1-2 айдың ішінде біз бензин бағасын үш мәрте төмендеттік. Оның себебі, мұнайдың бағасы төмендеген сайын бензиннің де бағасы арзандайды», - деді ол.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, елімізде бензин бағасы Үкімет белгілеген ережеге сәйкес есептелінеді.

«Сол ережеге сәйкес мұнайдың бағасы әлі де төмен түсетін болса, әрине, бензин бағасы да төмендейді. Бірақ мұнай бағасы көтерілер болса, онда бензиннің де бағасы көтерілетіндігі түсінікті», - деді Ұ.Қарабалин.

«Бүгінде біздің миинстрлікте бұл мәселеге қатысты әрбір аймақтан, компаниялар мен  басқа ұйымдардан 6-7 ұсыныс бар. Олардың барлығы біздің министрлік ішіндегі жұмыс тобының талқылауында. Әрбіреуінің тиімді, тиімсіз тұсы сарапталынады. Содан кейін Үкімет қарауына шығарылады», деді Ұ.Қарабалин.

Сонымен қатар ол төртінші мұнай зауытын салуы кезінде қандай жайттарға басымдық берілетіндігін де егжей-тегжейлі түсіндіріп өтті.

«Біріншіден,  мұнай өңдеу зауыты неғұрлым тұтынушылар тығыз қоныстанған жерде болғаны дұрыс. Себебі, бензин не болмаса басқа жанармайды тасымалдаудың өзі көлік шығындары есебінен көтеріліп кетеді. Екіншіден, ол жерде мұнай құбырларының болғаны дұрыс. Өйткені, мұнай құбыр арқылы жеткізілмесе, темір жолмен тасымалдау қымбатқа түседі», деді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар оның айтуынша, мұнай зауытынан шығатын өнім ішкі нарықты толық қамтамасыз ететін болады. Ал қалған өнімді экспортқа шығаруға да зауыт салынатын жер ыңғайлы болуы тиіс. 

Қазақстанның барлық мұнай компаниялары өз шығыстарын оңтайландырды

Ұ.Қарабалиннің атап өтуінше, ағымдағы жылы мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай құлдырауына байланысты теріс салдар байқалуда. Бұған қоса, еліміздегі мұнай кен орындарының басым бөлігі кен өндіруге әзірліктің соңғы сатысында тұр. Сонымен қатар мұнай бағасының төмендеуі қара алтын өндірудегі экономикалық тиімділікке де теріс әсер етуде.

«Кен орнының жұмыс қабілеттілігін сақтау, жұмыс орындары қысқарылуының алдын алу мақсатында барлық мұнай компаниялары шығыстарын, ең бірінші кезекте күрделі шығыстарын оңтайландыру жұмыстарын жүргізді. Мұнай өндіруге тікелей кедергі келтірмейтін бірқатар жобалар жақсы кезеңге дейін тоқтатылды», - деді ол.


Бірінші вице-министрдің сөзіне қарағанда, Энергетика министрлігі мұнайдың әлемдік бағасының айтарлықтай құлдырауын ескере отырып, республика бойынша мұнай өндіру көрсеткіштерінің болжамын нақтылау бойынша сараптама жүргізген.

2014 жылы Қазақстан аумағы арқылы 91,4  млрд. текше метр газ тасымалданды.

«Біздің республика арқылы бірнеше газ құбыры өтеді. Мемлекеттер арасындағы шартқа сәйкес газды тасымалдап, соны жеткіземіз. Өткен жылдың 12 айының ішінде 91,4  млрд. текше метр газ тасымалдадық», - деді ол.

Бірінші вице-министрдің атап өтуінше, оның ішінде Ресейдің 49,4 млрд., Түркіменстанның  38,4 млрд.,  Өзбекстанның 3,6 млрд. текше метр газы бар.

«Сонымен қатар былтырғы жылы 2,5  млн. текше метр сұйытылған газ шығарылды. Бұл 2013 жылмен салыстырғанда 100,7 пайызға артық», - деді Ұ.Қарабалин.

2030 жылға қарай ел халқының 56 пайызы көгілдір отын қызығын көреді

«Елімізді газдандыру жөнінде басты сызбамыз бар. Ол Үкіметтің 2014 жылғы 4 қарашадағы  қаулысымен қабылданған. Оған сәйкес 2030 жылға қарай ел халқының 56  пайызы газға қол жеткізеді. Яғни, 1600 елді мекенге газ беріледі. Осылайша, біздің пайдаланатын газымыздың мөлшері отызыншы жылға қарай 18 млрд. текше метрге жететін болады», - деді ол.

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта пайдалануға берілген ірі газ құбырларының бірі - «Бейнеу-Бозой-Шымкент» құбыры. Ол Сырдың бойымен өткендіктен, көптеген елді мекендер газдандырылады. Бұдан бөлек аймқатарға да газ жеткізу жұмыстары жалғаса беретін болады. 

«Магистральдық құбырлар салынғаннан кейін елді мекендерге орта және төменгі қысыммен газ жеткізетін жүйелері жергілікті әкімшілік бюджеттері есебінен салынады. Сонымен қатар республикалық бюджет есебінен де қаржы бөлінеді», - деді Ұ.Қарабалин.