ҰҚК "Бейнеуліктер" қылмыстық тобын ұстады

 Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақ-өзбек шекарасында ақша бопсалаумен айналысқан "Бейнеуліктер" қылмыстық тобын ұстады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап. 

"11 қазан күні бірнеше кезеңнен тұратын жедел жұмыстардың нәтижесінде бір уақытта Алматы, Ақтау, Маңғыстау облысының Бейнеу және Ақжігіт кентінде ҰҚК "А" арнайы мақсаттағы қызметін жұмылдыра отырып, қоғамға қауіпті "Бейнеуліктер" қылмыстық тобының заңға қайшы әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операция орындалды", - деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

Қылмыстық топ мүшелері Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы "Тәжен" өткізу пунктінде шетелдіктер мен жеке тасымалдаушылардан жүйелі түрде ақша бопсалаған. Сондай-ақ олар өзге де ауыр қылмыстарға қатысы бар деген күдікке ілініп отыр.


Арнайы операция барысында қылмыстық топтың басшысы мен 5 белсенді мүшесі ұсталды.

Ұсталғандарға қатысты қамауда ұстау түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.

ҰҚК президенттің тапсырмасы аясында ұйымдасқан қылмыстың еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсерін төмендету бойынша жұмысты жалғастырады.