Статистикалық мәліметтерге қарағандпа, көрмеде жалпы сомасы 5,506 млрд. АҚШ доллары көлемінде сауда мәмілелері жасалған. Еске сала кетейік, ЭКСПО «Қытай-Еуразия» көрмесі 1992 жылдан бері Үрімші қаласында 19 рет өткізілген Халықаралық сауда-экономикалық көрмесінің жалғасы болып табылады.
Қытайдың көрмелер саласындағы экономикалық зерттеулер қауымдастығы тұрақты төрағасының орынбасары Чэнь Цзянның айтуынша, «Қытай-Еуразия» көрмесі болашақта Шыңжанның дамуына зор экономикалық пайда әкелмек.
Халықаралық жәрмеңкеге Қазақстанның вице-премьері Әсет Исекешев қатысты. Қытайлық БАҚ-тардың хабарлауынша, Бейжіңде оның ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің вице-премьері Ли Кэцянмен кездесуі өткен.
Ли Кэцянның айтуынша, ЭКСПО «Қытай-Еуразия» халықаралық көрмесі Қытайдың батыс аймақтары мен Шыңжан-Ұйғыр автономиялық өлкесін қоса алғанда Азия және Еуропа елдерімен ынтымақтастықты және сауда алмасуды дамытудың тұғырнамасы болмақ.
Кездесу барысында қытайлық тарап Қытай мен Қазақстан - достас көршілер және соңғы жылдары екіжақты қатынастар жылдам қарқынмен дамып келеді, деп атап өтті. Осы жылғы бірінші жартыжылдықта екі ел басшыларының сапарлары өтті, онда маңызды мәселелердің кең ауқымы бойынша ортақ пікірге қол жеткізілді және бірлесе отырып екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамыту қажеттігі жарияланды.
Ә.Исекешев өз тарапынан қазақстандық тарап қытай тарабымен бірге сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және басқа да салаларда екіжақты қатынастарды жаңа деңгейге көтеру мақсатында нақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге әзір екенін айтты.