"Ұрысатын үшеуі, 1,5 млн мемлекетке": Желіде әркімге ғайбат сөз айтқан емші Бағдагүл өзгелерге сабақ болды ма?

Ақтөбелік емші сот шешімімен 1,5 млн теңге төлейтін болды, деп хабарлайды Сaravan.kz медиа порталы.

Мәселе неден басталды?

Естеріңізде болса, желіде емші Бағдагүл елімізге белгілі продюсер Баян Алагөзова мен Динара Сәтжанға тіл тигізіп, желіні шулатқан еді. Осыдан кейін, продюсер мен тележүргізуші желіде үндеу жариялап, жеке бастарының қорлануына мүмкіндік бермейтіндерін жеткізген.

Сондай-ақ олар Бағдагүлдің өзін сотқа беретінлдерін айтып, бұлай жеке басқа өтіп, адамға ғайбат сөз айтуға болмайтынын айтқан болатын.

Сот шешімі қандай?

Ақтөбеде сот продюсер Баян Алагөзова мен тележүргізуші Динара Сәтжанға қатысты жала жапты деп танылған емші Бағдагүл Лепесоваға 1 млн 557 мың теңге көлемінде айыппұл салды.

Сот Лепесованы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Жала жабу» бабы бойынша кінәлі деп таныды.

Сот отырысы барысында емші өзіне тағылған айыппен келіспеген. Оның сөзінше, даулы видеоны өзі жарияламаған. Сондай-ақ ол Баян Алагөзоваға қатысты ар-намысына тиетін сөз айтпағанын алға тартып, кешірім сұраудан бас тартқан.

Алайда жүргізілген сараптама нәтижесінде жала жабу дерегі расталған.

Сот шешімі бойынша Бағдагүл Лепесова 1 557 000 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Айыппұлды өтеуге 30 тәулік уақыт берілген.

Бұдан бөлек, Астанада аталған емшіге қатысты Қылмыстық кодекстің «Қорлау» бабы бойынша жеке қылмыстық іс қаралып жатыр.

Желіде ғайбат сөз айту: ІІМ неге блогерлерге шүйлікті?

Айта кетейік, бұл блогерлердің желіде ғайбат сөз айтып, айыппұл арқалған жазғыз оқиғасы емес. Естеріңізде болса, бұған дейін ІІМ желіде былапыт сөз айтқан бірнеше блогерге айыппұл салған еді. Көпшілік, түптің түбінде мемлекет блогерлердің арқасында пайда көретін болды, деген әзіл-шыны аралас пікірлерді жаудырып жатыр.