USA TODAY болжамы: Қазақстан Лондонда 6 алтын алуы мүмкін

жалпы есепте 24 орынға тұрақтайды деп топшылап отыр.

Дәл бүгін Лондон Олимпиадасы басталса жағдай қалай болмақ? Кім чемпион атанып, қай спортшы жүлдеге қол созады? Бұл мәселеге америкалық USA TODAY басылымы терең үңіліп, әр елдің әр спортшысына жеке-жеке тоқталыпты, деп жазады alaman.kz порталы.

USA TODAY агенттігі бүкіл қазақ жанкүйерлері алтын алады деп отырған Илья Ильин украиналық Артем Ивановқа есе жібереді деп болжапты. Есесіне, Мая Манеза мен Светлана Подобедова Лондонда чемпион болады-мыс. Ал Зүлфия Чиншанло түрік Айлен Дастелинге жол беріп, күміс алады.

Боксшылардан Серік Сәпиевтің алтын алатынына америкалық әріптестеріміз сенімді. Ал Әділбек Ниязымбетов пен Ғани Жайлауов қолаға қол созуы мүмкін.

АҚШ басылымының пайымдауынша, Лондонда дзю-додан Максим Раковға ешкім тең келмейді. Ал грек-рим күресінен Алмат Кебіспаев чемпион болады. Үш қарғып секіруден Ольга Рыпакова да алтынға үміті бар. Міне, америкалық басылымның Қазақстанға тиесілі 6 «алтыны» осылар.

Сондай-ақ Жұлдыз Ишимова (әйелдер күресі) күміс, Нұрмахан Тыналиев (грек рим күресі) қола алады деген қорытынды жасап отыр.