Үш баласы бар жалғызбасты келіншек қорада тұруға мәжбүр

-Бұл Шымкенттің ең бай аудандарының бірі. Мұндағы жер учаскесінің құны Астана және Алматы қалаларынан кем түспейді. Дегенмен, мына лашыққа қарап, мұнда бай отбасы өмір сүріп жатыр дей алмайсың.

Биыл қардың қалың түскені бұларға бақта, сорда болып тұр. Газсыз, сусыз отырған отбасы қарды күреп алып, қажетіне жаратады. Үйінің іші қырық жамау. Төбесінен су аға берген соң бірнеше жерге шелек іліп қойыпты. Кедейліктен әбден қажыған отбасы біздің көзімізше күнделікті бір ішер тамағын әзірледі. Онысы бір картоп пен бір бас пияз ғана.

–Бұны үш күнге жеткіземін. Мына жартысын дәмін шығарып, бір бөлек, мына ортасын бір бөлек, шетін бір бөлек үш күн істеймін. Бір окорачка алсам бір аптаға жеткіземін.

Тұрақты жұмысы жоқ Балагүл Толыбаева осы азын-аулақ азықты   тойханалардан тірнектеп жинап әкеледі. Қыс кезінде той да азайған, енді мүлде жұмыссыз қалыпты. Жарты жыл бұрын маскүнем күйеуімен ажырасып, Бәйдібек ауданынан Шымкентке келген. Өмір бойы жоқшылықтан көз ашпаған Балагүлге Шымкентте де шыр бітпепті.

Балагүл Толыбаева:

-Туалет те жуып жүрдім, анау төсек тартып жатқан кемпірдің де астын тазалап жүрдім ғой қанша жыл. Мен сонымен балдарымды асырап оттым. Мен ешқандай жұмыстан намыстанбаймын. Қандай жұмыс болсын тұра беремін. Менің өйткені үш балам бар.

Үш баланың алды он екіде, кенжесі 3 жастан енді асқан. Кішкентайы Нұрислам қазір өкпесіне суық тиіп, ауруханада жатыр. Ал 6 сыныпта оқитын Нұрсұлтан мен 1 сыныптағы Ерсұлтанды жағдайы болмаған соң интернатқа беріпті.


Нұрсұлтан Жандарбек, ұлы:

-Меніңде машинам болса, үлкен үйде тұрсам, мамамды қолыма алсам деп армандаймын.

Шымкентте тіркелмегені болмаса, Балагүлдің құжаттары түгел. Бәйдібек ауданында тұрған кезде 14 мың жәрдемақы алып жүрген әйелге қалаға келген соң, кетіп қалдың деп оны да беруді доғарыпты. Алты айда бір тиында алмаған әйел енді құжаттарын рәсімдеп, пәтер кезегіне құжат тапсырмақ. Сөйтіп, балаларын қайта қолына алмақшы. Егер, сәті түссе жанашыр адамдар жұмысқа да шақыра ма деп үміттенеді. Ал, әзірге жоқшылықтың азабын тартқан отбасы жұпыны баспанада жан бағып жатыр. 

– Мама, жыламашы