Енді алдыңғы күні тағы бір азаматтың ұшақта стюардессадан қазақ тілінде сөйлеуді талап еткені үшін жазалануы тура төрт жыл бұрынғы жағдайды Caravan.kz медиа-порталы тілшісінің есіне түсіріп отыр.
Ал түрік журналисі Оғыз Доған мас болып біреудің мазасын алған жоқ, төбелескен жоқ, тек әуе компаниясының қызметкерлерінен мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді сұрады. Бұл айып па? Айып болмаса да, полиция журналисті 6800 теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Ал әуе компаниясының бұған қатысты уәжі де табыла кетті. Ондағылардың айтуынша, біздің батырымыз ұшақ қонуға бет алғанда алдындағы үстелшені жинаудан бас тартыпты. Яғни ол ұшақта қауіпті жағдай тудырған.
Бірақ Оғыз Доған қауіпті жағдай тудырған жоқ. Ол тек орысша және ағылшынша сөзді түсінбей қалды. Сонда бұл жерде нағыз қауіп төндіріп, заңды бұзып тұрған кім? Ескертуін қазақша айта алмаған (бірақ заң бойынша міндетті ғой) стюардесса ма әлде оны түсінбеген журналист пе?
Төмендегі видеоға қарап, өзіңіз саралап көріңіз.
Ал Жарылқап Қалыбайға қатысты жағдайды еске алсақ, тіпті қаның қайнайды. Ол өзі кінәлі екенін мойындауға мәжбүр болып, үш тәулікке қамалып шықты ғой.