Форумға қазақстандық және әлемдік жетекші БАҚ өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен зерттеу орталықтарының өкілдері қатысады. Сондай-ақ, оған қауіпсіздік және қорғаныс мәселесі бойынша халықаралық сарапшылар тобы шақырылған.
Қалыптасқан дәстүрге сәйкес, шараны Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ашып сөз сөйлейді. Форумның ашылу салтанатына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Ян Кубиш пен форумды ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева қатысады.
Кездесуге танымал тележүргізуші әрі тәуелсіз журналист Риз Хан екінші мәрте төрағалық етеді. Танымал АҚШ сарапшылары Ричард Холбрук пен Ричард Перл бас баяндамашы болмақ.
Еуразиялық Медиа Форум - 2001-жылы Қазақстанда құрылған тәуелсіз қоғамдық ұйым. Басты мақсаты - әлемдік БАҚ, халықаралық саяси және кәсіпкерлік қауымдастық өкілдері мен белгілі ғалым-сарапшылардың арасындағы конструктивті пікір алмастығы негізінде Батыс пен Шығыс арасындағы өзара сенімділік, ықпалдастық пен өзара түсіністікті нығайту болып табылады.
2003-жылы Алматыда өткен екінші Еуразиялық Медиафорумға әлемнің 40 елінен 300-дей өкіл қатысты.