Шағымданушы ұстаздардың айтуынша, университеттегі ұрыс-керіс ректор болып Сағынтай Елубаев келгелі басталыпты. Осы бір жыл ішінде бірнеше ұстаз қызметтен шеттетілген. Қалғандары жікке бөлініп, бір-бірінің үстінен арызданумен жүр.
Ректордың «саясатын» ұстанғандар ғана жақсы жалақы алады екен. Бірақ, ұстаздардың көбі Елубаевтың бұл әрекетін ашық айтудан қорқады. Қолдарынан келетіні мынадай жазу ғана. Қарсылықтарын қабырғаға шимайлапты. Ал шындықты айтқандары қызметтен кетуге мәжбүр болған.
Ерлан Тушанов, Ш.Уәлиханов атындағы университеттің бұрынғы оқытушысы, профессор:
- 26 жыл осы университетте еңбек еткенде, 5 ректормен жұмыс істедім. Бірақ мұндайды көрген емеспіз. Елубаев келісімен ұжым арасына іріткі салды. Бір-бірімізге ала көзбен қарайтын болдық. Онымен бір ұжымда еңбек ету мүмкін емес. Оқу орнына өзінің меншігі сияқты қарайды.
Бір жалақыға қараған ұстаздарды әсіресе ректордың өткен Наурыз мерекесінде алған сыйақысына жаға ұстап отыр. Елубаев оқу орнында 3 ай ғана еңбек етісімен проректорына жарты миллион, өзіне 1 миллион 200 мың теңге жаздырыпты.
Ғалымтай Төлепбергенов, Ш.Уәлиханов атындағы университеттің аға оқытушысы:
- Қарапайым оқытушылар сол 2 мыңнан 4 мыңнан алған жағдайлары болған. Әділетсіздіктер көп қой. Моральдық жағдай шайқалып кетті десе болады.
Ректордың атаққұмарлығы өз алдына әңгіме. «Ақмола энциклопедиясында» Елубаев мырза Ленин және Еңбек Қызыл ту сияқты бірнеше орден-медальдардың иегері деп жазылған. Бірақ айтылған атақтың бірде-біреуін ректор ешқашан алып көрген емес дейді әріптестері.
Қадыржан Әбуев, Ш.Уәлиханов атындағы университеттің профессоры:
- Ленин және Еңбек Қызыл тудеген мәлімет жоқ. Ал қалай қай жерде, қашан жалған мәліметті неге бергенін мен білмеймін.
Жоғары марапаттарын бізге көрсетуден Сағынтай Елубаевтың өзі де бас тартты. Мемлекеттік мекемеден сыйақыны миллиондап не үшін алдыңыз дегенде тіпті ашуланды. Сұхбат бермеймін, кездеспеймін де, Абылайханның 300 жылдық тойына әзірленіп жатырмын, уақытым жоқ деп жауаптан жалтарып кетті.