Үстелден секіргіш Тасболатов Мәжілістің вице-спикері болды

Бүгін мәжіліс жұмысқа кіріспес бұрын вице-спикерді сайлап алды. Төраға Жақыпов екі аптадан бері бос тұрған Дариға Назарбаеваның мына жайлы орынтаққа депутат Абай Тасболатовты ұсынған. Әріптестері де генералдың кандидатурасын бірден қолдай кетті. Сөйтіп, 4 жылға жуық ең соңғы қатарда отырып жиі көріне бермейтін Абай Бөлекбайұлын қошеметпен төрге шығарды.

-Құттықтаймыз, аха, осы жерден...

Спикердің Тасболатовқа жол сілтеуінің себебі бар. Былтыр комитеттің кезекті жиынына кешігіп келген генерал тура үстелден секіріп, күлкіге қалған болатын. Су жаңа вице-спикер сол ыңғайсыз қылығын бүгін түсіндіріп берді.

-Маған ешкім орын бермеген соң әскери қызметкер ретінде тұрамын ба жалынып?

5 жыл Ұлттық гвардияны басқарған 64 жастағы генералдың ерекшелігі көп. Таңда 25 шақырым жүгіреді, тіпті Мәжіліске қызметтік көлікпен емес, автобуспен жетеді екен. Мінетін қоғамдық көліктерінің нөмірін тілшілерге жатқа соқты.

Абай Тасболатов, Мәжіліс төрағасының орынбасары:

-Мен көбінесе №10 автобусқа мінемін, №42 мінемін, №31, №30 мінемін.

Осылайша, су жаңа вице-спикерді құттықтап іште мәре-сәре болып  жатқанда кіре берісте бір топ министр кезек күтіп отырған. Бәрінің қолдарында жаңа заң жобасы бар. Депутаттар бірден Жер кодексі туралы құжатты қорғауға келген Экономика министріне тап берді. Ол бойынша мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығына арналаған жерлер енді аукцион арқылы сатылмақ. Алайда, учаскелер талан-таражға түсіп тістегеннің  аузында, ұстағанның қолында кетіп жатыр. Тіпті түрмеде отырғандардың жері бар екен.

Владислав Косарев, Мәжіліс депутаты:

-Бізде дән себетін жер таппай қиналып отырған адамдар бар. Ал, енді біреулер түрмеде отырса да  жүздеген гектар жердің иесі. Абақтыда отырып жерді жалға береді, табыс табады. Қайда қарап отырмыз? Осы мәселені шешу сонша қиын ба?

Бірақ, Косаревтың бұл сынын Досаев шыбын шаққан құрлы көрген жоқ.

-Олар енді барлық жерде бар ғой, тек жердің қасында емес.

Ал, Мәжіліс Ауыл шаруашылығы министрінің еліміздегі шағын фермерлерді біріктіріп, кооперативтер құру туралы ұсынысын бірден қолдап, Асылжан Мамытбеков алып келген жаңа заң жобасын мақұлдады.

Сондай-ақ, 2017 жылдап бастап елімізде міндетті медициналық сақтандыру қоры құрылмақ.  Яғни, жұмыс беруші ай сайын қызметкері емделу үшін жалақыдан бөлек 5 пайыз ақша аударып отырады. Ал, зейнеткерлердің денсаулығына Үкімет жауапты. Мәжіліс Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова алып келген  бұл құжатты да бірінші оқылымда бекітіп берді.

Loading...