Үстіміздегі жылы Қазақстаннан Қырғызстанға адам саудасының 6 құрбаны қайтарылған

"Үстіміздегі жылы біз Қазақстаннан адам саудасының 6 құрбаны, соның ішінде кәмелеттік жасқа толмаған үш баланы қайтарып алдық",- деп хабарлады Досмир Узбеков.

Досмир Узбековтың айтуынша, өткен жылы Қырғызстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органдары адам саудасы дерегіне қатысты 10 қылмыстық іс қозғап, 15 адам сотталған. Үстіміздегі жылы Қырғызстанда 33 қылмыстық іс қозғалып отыр. "Қырғызстан бүгінде - тек адам саудасының құрбандары шығатын ел ғана емес, сонымен бірге транзит те жүргізілетін ел",- деп қосты ол. Қырғызстан Республикасының Мемлекеттік көші-қон және жұмыспен қамтамасыз ету комитетінің ақпараттарына сүйенсек, осы жылы адамдарды алыс шетелдерге заңсыз алып өтуге қатысты 62 деректің алдын алып, Қырғызстанға адам саудасының құрбаны болған 20-дан астам адам қайтарылған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының аймақтық өкілі Джеймс Каллахан өз кезегінде, статистикадағы көрсеткіш нақты жағдайды көрсетпейді деп атап көрсетті. Ол адам саудасы мен заңсыз көші-қон - өзара байланысты проблемалар деп атап өтті. Дж. Каллаханның айтуынша, бұл бизнеспен айналысатындардың табысы өте жоғары. Мысалы, оның мәліметтеріне сүйенсек, Қытайдан АҚШ-қа бір адамды заңсыз апару 20 - 25 мың АҚШ доллары тұрады.