Ұтысқа тіккен бағалы сыйлықтарын бермей жүрген "алаяқ" блогерлер кімдер?

Бұл туралы TikTok әлеуметтік желісіндегі DETEKTIB парақшасында айтылған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.

Парақша авторының дерегінше, әлеуметтік желілерде ойнатылып жүрген қымбат смартфон, құлаққап секілді сыйлықтардың бәрі бірдей иесіне табыстала бермейтін көрінеді. "Сіз ұттыңыз!" деп миллиондаған халықтың көзінше видео-қоңырау арқылы хабарласқанына да сенудің қажеті жоқ сыңайлы. Мәселен, Бауыржан Зорбай дәл осылай IPhone 11 PRO ұтқан оқырманына дүйім жұрттың көзінше (тікелей эфирде) хабарласқан.

Кейіннен жеңімпаздан мекенжайын да сұрап алыпты. Алайда, сыйлық иесіне жетпеген. Үміттеніп қалған оқырманы қайта-қайта сыйлығын сұрайды. Араға біраз уақыт салып Бауыржан Зорбай ақыры байланысқа шығып, бірақ, кінәні почтаға итере салып құтылады. Осылай деп жазғаннан кейін Бауыржан Зорбайдан ешқандай хабар-ошар болмайды. Жабулы қазан жабулы күйінде қалып, блогерлердің табыс көзіне айналған ГИВ, лотоларда ойнатылған сыйлықтардың иесіне жетпейтінін ешкім білмей де қалар ма еді. Егер ТикТокер @DETEKTIB осындай жағдайлардың бетін ашып, дәлелдерімен көрсетіп қоймағанда. 

Өкініштісі мұндай блогер, жұлдыздардың қарасы қалың екен. 

Әбілова Аружан 61 000 теңге көлемінде дүкеннен киінген. Алайда, жарнамасын жасап бермейді. Кәсіпкер бірнеше мәрте Аружанға жазғанымен, жауап бермеген. Шыдамы таусылған кәсіпкер арыз беретінін айтқан соң ғана, Аружан байланысқа шығады. Онда да, "60 000 теңгеге байып кетеді деп ойлайсыз ба? Бірінші аузыңызға байқап сөйлеуді үйреніңіз" деп өзіне дүрсе қояды. Ақыры бұл жағдай көпшілікке таралып кеткеннен кейін ғана блогер ақшаны қайтарып беруге мәжбүр болыпты.


Осы сынды оқиғалар әнші Алмас Кішкенбаевпен, блогер Анеля Кенжебековамен, Мерей Әбіловамен, Сағыныш Рысқұлбекова, Сымбат Қасымовалармен бар. 

Ал, парақшада сөз етілген блогер Бекзат Жанзаққа ешкім тосқау бола алмай келеді. Бекзат Жанзақ бүгін ғана инстаграмдағы тарих бөліміне букмекерлік ойынға арналған Телеграм арнасына сілтемені салды. 

Айтпақшы, ТикТок парақшасының иесі Нұрдаулет Мэлс өзін "блогерлердің қорқытқанын" айтады. 

Желі қолданушылары Нұрдаулеттің зерттеулеріне "Мына блогерлерге қарағанда біздің ақшамыз көп деп қалдым ғой", "Осыларға заңды шара қолдану керек!", "Халықтың көзі ашылады. Блогерлердің к.ті ашылады", "Ұятсыз", "Алаяқ боп кеткен бе?" деп жазуда. Тіпті, "мені де алдап кетті" деп жазып жатқандар да баршылық.