Ұялы телефон нөмірін өз атына тіркемегендер байланыстан ажыратылады

-Қолымдағы бұл SIM-карта менің атыма тіркелмеген. Сондықтан әзірге ғана жарамды. Егер оны 1-желтоқсанға дейін оны өз атыма рәсімдеп үлгермесем, мен жан-жақтан хабарсыз қалам. Себебі, заң бойынша бұндай SIM-картамен байланыс жасауға тыйым салынады.

Мұндай шара елдегі қауіпсіздікті нығайту мақсатында қолға алынып отыр. Анонимді қоңыраулар әбден шаршатты деген шенеуніктер осындай қадамға баруға мәжбүр. Мәселен, Ішкі Істер министрлігінің мәліметі бойынша бір ғана Жамбыл облысында абоненттердің 62 пайызы тіркеуден өтпеген. Бірақ, барлығы да қолданыста жүр.

Руслан Әбдіхалықов, ҚР Индустрия және даму министрлігі байланыс және ақпарат бойынша бақылау басқармасының жетекшісі:

-Біздің министрлікке Ішкі істер министрлігінен, Бас прокуратурадан телефон нөмірлерін анықтап беру туралы өтініштер жиі келіп түседі. Анықтап берейін десек, нөмір ешкімнің атына тіркемеген. Сондықтан, байланыс операторларына қатысты қолданыстағы заң нормаларын орындатып, белгісіз нөмірлердің тіркеу туралы деректерін анықтату туралы шешім қабылдадық.

Министрлік өкілінің айтуынша, 1-ші желтоқсанға дейін абоненттер тіркеліп үлгермейді деп қауіптенудің қажеті жоқ. Себебі, бұл мәселе осы қараша айының басында-ақ көтерілген. Министрлік тарапынан ұялы байланыс операторларының барлығына хабарлама берген. Сәйкесінше 1-ші қарашадан бастап тіркеуі жоқ нөмірлерге мынадай СМС-хабарламалар жіберіле бастапты.


Хикматулла Насритдинходжаев, «Kcell» АҚ ауқымды нарықты дамыту жөніндегі директоры:

-Тіркелмеген нөмірлерге қызмет көрсетпеу туралы нұсқау берілді. Біз соны орындауға мәжбүрміз. Осыған байланысты барлық абоненттерімізді еліміздегі 300-ден астам кеңселерімізге барып тіркеуден өтуін сұраймыз.

Мамандардың айтуынша, бір ғана "Кар-Тел" компаниясының өзінде аты-жөні белгісіз абоненттердің саны 60 мыңға жетіп жығылады. Ал еліміз бойынша қолданыста жүрген 25 миллионнан астам ұялы байланыс нөмірінің 3 пайызы, яғни 800 мыңнан астамы тіркелмеген. Тіпті, жартысының SIM-картасы өзге адам атына рәсімделген. Енді олар қожайындарын тапқанда, қылмыс пен алаяқтықтың алдын алуға әбден болады.