Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Балтық жағалауы елдері есірткі тасымалына қарсы тұру саласындағы ынтымақтастықты дамытпақшы

"Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Балтық теңізі мемлекеттерінің кеңесінің ықпалдастығын бірнеше бағытта ұйымдастыру межеленген. Біріншісі - Ауғанстаннан Балтық өңірі елдеріне есірткі тасымалы мен Еуропадан Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдер арқылы Ауғанстанға синтетикалық есірткі тасымалына қарсы тұру", -деді Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы хатшылығының қауіп-қатерлерге қарсы тұру басқармасының басшысы Вячеслав Волох.

Оның айтуынша, бұл жобаға Польша, Швеция, Литва, Эстония мен Латвия қызығушылық танытқан. Соңғы үш ел Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының "Арна-2007" атты халықаралық есірткіге қарсы операциясына қатысқан.

"Екінші бағыт - заңсыз көші-қон мен адам саудасына қарсы күрес. Үшіншісі - қылмыспен күрес. Төртіншісі - экологиялық қылмыстарға қарсы күрес, соның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Балтық теңізі мемлекеттерінің кеңесіне мүше елдердің төтенше жағдайларға кешенді жауап қату жүйелерінің ықпалдастығы", - деді В. Волох.