Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мен Еуроодақ Орта Азия қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзара ықпалдасуды жоспарлап отыр

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, кездесу барысында тараптар Орта Азиядағы жағдайға өздерінің бағаларын беріп, бар проблемаларды шешу жолдарын қарастырған.

П. Морель Еуроодақтың Орта Азиядағы стратегиясының басты нысанасы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, аймақтың экономикалық дамуы, энергетикалық даму, қоршаған ортаны қорғау, білім беру мен демократияны қолдау мәселелері екенін атап көрсетті. Еуроодақтың арнайы өкілі терроризм, экстремизм, адам саудасы, қару-жарақ пен есірткі заттарын заңсыз таратумен күресу бойынша халықаралық қауымдастықтың жасап жатқан жұмыстарын үйлестіру мәселесіне ерекше көңіл аударды.

П. Морель Еуроодақтың министрліктер кездесуінде Орта Азияда қызмет ететін аймақтық ұйымдармен байланыстың белсенділігін арттыру туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Осыған байланысты Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымымен диалог өрбітуді қолдайтынын білдірді.

Н. Бордюжа Еуроодақ өкілін Ауғандық есірткі қаупіне, заңсыз көші-қонға қарсы тұру бойынша, төтенше жағдайларда ұжымдық шұғыл әрекет ету әлеуетін және Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының бітімгершіл күштерін құру бойынша Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы аясында жасалған жұмыстармен таныстырды.

Әңгімелесуші тараптар Орта Азияның тұрақтылығын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында барлық қызығушылық танытқан халықаралық ұйымдардың мүмкіндіктерін тоқайластыру қажет деген ойға келді. Тараптар аймақ қауіпсіздігі мәселесі бойынша кеңестерді жалғастыра беру жөнінде ой айтты.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының Хатшылығының баспасөз қызметінен хабарлағандай, кездесу Еуроодақ өкілдерінің өтінішімен болған. Хатшылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша Ұйымның өзге де халықаралық құрылымдармен байланыстарының белсенділігінің артқанын айтып отыр.