Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің "Шеп-2006" шұғыл-тактикалық жаттығуларына 2,5 мыңдай әскери қатысады



Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, оқу-жаттығулар 24-29-тамыз аралығында Маңғыстау облысында өтеді.

"Бұл жаттығулар Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдер армияларының оперативтік және жауынгерлік дайындығына бағытталған бірлескен шаралардың жоспарына сәйкес жыл сайын өткізіледі. Қазіргі оқу-жаттығулар антитеррорлық сипатта. Олар үш кезеңмен өткізіледі. Бірінші және екінші кезеңі - бірлескен командалық-штабтық шаралар болса, үшіншісі - тактикалық жаттығулар",- дейді қорғаныс министрлігіндегілер.

Оқу-жаттығулардың тақырыбы - ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күш-құралдарының теңіздегі бірлескен операцияларын жүргізу мен оған дайындық. Оқу-жаттығулар барысында Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүше елдердің қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге лайықты жауап қатуға арналған күш-құралдарды қолдану туралы шешімдерге дайындалу мәселелерін тәптіштеу межеленген.

"Шеп-2006" жаттығуларына Қазақстан, Ресей, Қырғызстан мен Тәжікстанның әскерилері қатысады. Өзбекстанның Қарулы күштерінің өкілдері бақылаушы ретінде қатысады. Оқу-жаттығуларға Қазақстанның қорғаныс министрі Мұхтар Алтынбаев қолбасшылық жасайды.

Бұған дейінгі біріккен оқу-жаттығулар 2005-жылғы көктемде Тәжікстанда өтті.