Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымы БҰҰ Бас ассамблеясының жанындағы бақылаушы мәртебесіне ие болды

Резолюция жобасын таныстырған БҰҰ-ның жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Ержан Қазыхановтың айтуынша, "Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына бейбітшілікті, халықаралық және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға, ұйымға мүше елдердің егемендігі мен аумақтық біртұтастығын ұжымдық негізде қорғауға бағытталған функциялар жүктелген". "Ұйымға мүше мемлекеттер бұл мақсаттарға қол жеткізу жолында халықаралық құқықтың жаппай мойындалған нормаларына және БҰҰ жарғысына сәйкес келетін саяси құралдарға басымдық береді",- деді Е.Қазыханов.

Қазақстан өкілі ұйым дүниежүзілік қауымдастықтың бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға бағыталған күш-жігер, талпыныстарына белсене атсалысуға қажетті тетіктерге ие деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымы құрылымында бітімгершілік салада тұрақты жұмыс істейтін тетік қалыптасуда. Бұл - ұйымның әлеуетін БҰҰ-ның басқаруымен бітімгершілік операциялар барысында пайдалануға мүмкіндік береді.
Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан республикалары біріккен.
Осынау халықаралық ұйым бұған дейінгі Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім атты құрылымның орнына 2003-жылдың 18-қыркүйегінде құрылған.