Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымы Шұғыл әрекет етуші ұжымдық күштердің "Шеп-2005" бітімгершілік оқу-жаттығулары Тәжікстан аумағында өтеді

Оқу-жаттығулар бұрын межеленгендей, 29-наурызда емес, 2-сәуірде Тәжікстанның оңтүстігіндегі бір полигонда басталады. Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымы Шұғыл әрекет етуші ұжымдық күштердің "Шеп-2005" бітімгершілік оқу-жаттығуларын өткізу жоспарына Қырғызстанда соңғы тәуліктерде болған оқиғаларға байланысты өзгерістер енгізілген.

"Шеп-2005" бітімгершілік оқу-жаттығуларының бірінші фазасы сәуірдің 2-4 аралығында командалық-штабтық жаттығулар түрінде өткізіледі. Ал 4-6-сәуірге межеленген екінші фазасында Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстан және Ресейдің әскери бөлімшелері жауынгерлік атыстан тактикалық жаттығулар өткізбекші.
Бес күнге созылатын оқу-жаттығулар барысында Орталық Азия республикаларының егемендігі мен аумақтық біртұтастығын қорғау мақсатында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің күштері мен құралдарын қолдану және басқару бағытында бірлескен шешімдерді жүзеге асыру мәселелері бойынша машықтану көзделген.