Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалық жасау мәртебесі Ресейге берілді

Отырысқа Армения, Беларусь, Қазақстан, Тәжікстан және Ресей сыртқы істер министрлері мен Қырғызстан сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы қатысты.

Отырысқа қатысушылар Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының жауапкершілік аймағына жататын өңірдегі әскери-саяси ахуал, Ұйымға мүше елдердің Ауғанстанды қалпына келтіруге бағытталған іс-әрекеттерін үйлестіру мәселелерін талқылады.
Сонымен бірге министрлер Ұйымның ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің қарауына ұсынылатын бірқатар құжаттардың жобасын егжей-тегжейлі талқылады. Олар Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымын таяу жылдарда әскери, саяси және басқа да салаларда дамытуға қатысты. Сонымен бірге Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының қауіпсіздікке қатысы бар БҰҰ сынды халықаралық және аймақтық ұйымдармен ынтымақтастығы мен қарым-қатынасын дамыту жайы сарапқа салынды.
Сыртқы істер министрлері Еуропадағы қарапайым қарулы күштер туралы келісімді бейімдеу туралы келісім-шартын бекітуге бағышталған мәлімдеме қабылдады. Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлерінің кеңесі оған мүше елдердің сыртқы саясат, қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері бойынша 2005-жылдың екінші жартысы - 2006-жылдың алғашқы жартысына арналған консультациялар жоспарын мақұлдады.
Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына мүше елдер сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысын 2005-жылғы күзде Мәскеуде өткізуге шешім қабылданды.