Жаттығуларға Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан қарулы күштерінің бөлімшелері, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының жарғылық және жұмыс органдарының өкілдері, ТМД мен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің бақылаушылары қатысады.
Бес күнге созылатын жаттығулар барысында заңсыз құрылған қарулы құрылымдарды бір жерге шоғырландыра жою, халықаралық лаңкестікпен күресте Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының ұжымдық күштері мен құралдарын басқарушы органдардың дайындығын жақсарту мақсаттарын шешуде Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымының ұжымдық күштерін басқару мәселелерін дәйектеу көзделіп отыр.
Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан республикалары мүше. Орталық Азия аймағындағы шұғыл әрекет етуші ұжымдық күштер Ресей, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекет басшыларының шешімімен 2001-жылдың 25-мамырында құрылған. Қазір шұғыл әрекет етуші ұжымдық күштерге 5,5 мың адамнан тұратын 9 батальон енеді.