Ұзындығы 215 шақырым Астана-Павлодар күре жолы ЭКСПО-ға дейін тапсырылады


Мұндай тапсырманы бүгін облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте облыс басшысы Болат Бақауов «НК «ҚазАвтоЖол» АҚ басшысы Ерсін Сәриевке берді.

- Қаржы бөлініп, мердігер белгіленген болса, жолдардың құрылысын ұзаққа созбай ерте тапсыруға болады. Астана-Павлодар республикалық тас жолын ЭКСПО-ға дейін тапсыру керек, - деді Б.Бақауов.

Жалпы жол-құрылыс жұмыстарына облыстың 208 кәсіпорны жұмылдырылды. Олардың 21-і ірі кәсіпорын және 187-сі орта, шағын бизнес. Өткен жылы облыс жолдарын салуға жергілікті өңірден тартылған 1205 адамның 52-сі - мүмкіндігі шектеулі жандар. 

- Жол-құрылысы жұмыстарына 18 млрд теңге бөлінді. Алдағы уақытта 15,7 млрд теңге қосымша берілмек. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 395,7 шақырым жолды қайта құру жоспарланған: Ақмола облысынан Ленин кентіне дейінгі 215 км, Ертіс өзені арқылы өтетін көпір өткелі 12,7 және Шығыс Қазақстан облысынан Павлодарға дейін 168 км, - деді Е.Сәриев. 

«НК «ҚазАвтоЖол» АҚ басшысының айтуынша, 93 километрге созылған «Қалқаман - Баянауыл - Үміткер - Ульяновский» жолының және Ащысу арқылы өтетін көпірдің негізгі құрылысы су тасқыны аяқталған соң жалғасын табады.