Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы baq.kz -ке сілтеме жасап хабарлайды.
Жиын барысында ол жаңадан қаралып жатқан заңда екпе мәселесі қызу талқыланып жатқанын айтты.
"Қазақстанға әкелінетін вакциналар сапалы. Мемлекеттік болсын, жеке медициналық мекемелер болсын бәрі мемлекет рұқсат еткен екпелерді ғана салады. Біз бұл мәселені талқылай келе, міндетті екпеге қайсысы жататынын және қайсысын ерікті түрде салуға болатынының ара-жігін ажыратып беруге тырыстық. Яғни нақты критерийлері жазылды. Сондай-ақ, жұртшылық арасына түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз," - дейді Зәуреш Аманжолова.
Оның айтуынша, осы уақытқа дейін ҚР Парламенті Мәжілісінде бұл кодексті қарау бойынша жұмыс тобы құрылған. Оның құрамына 58 адам кірді.
Оған тек депутаттар ғана емес, қоғам өкілдері, ҮЕҰ, сарапшылар кірді. Жұмыс тобының бұған дейін 24 жиналысы өтті. Кодекс бойынша 791 ұсыныс келіп түсті. Олардың бәрі қазір өңделуде және 600-ге жуығы қабылданды. Екі жүздейі өңделуде, тағы келіп жатқандары да бар. Сонымен қатар, "Халық денсаулығы" туралы екінші заң бойынша да 900-ге жуық ұсыныс келіп түсті. Бұл аталған заң кодексінің шынымен де өзекті екенін білдіреді, - дейді депутат.
Сонымен қатар, ол талқыға түсіп жатқан заң кодексінде трансплантология мәселесі де үлкен маңызға ие екенін айтты.
"Егер белгілі бір адам тірі кезінде дене мүшесін донор ретінде беруге келісімін берген болса, оны қабылдау керек деген мәселе қызу талқылануда. Біз егер жақындары жазбаша түрде келісімін берсе, донорлыққа алуға болады дегенді қолдап отырмыз. Қазіргі таңда трансплантология өте қажет. Бұл сол ел медицинасының жетістігі. Бізде мықты хирургтар бар, алайда соңғы 2-3 жылда донорлық мәселесі төмендеп кетті. Қазір елімізде 3 мыңнан аса адам трансплантологияға мұқтаж. Олардың 70%-ы бүйрек ауыстыруды қажет етеді. Сондай-ақ, балалар да дене мүшесін ауыстыруды қажет етіп отыр. Бізде балалар трансплантологиясы жоқ болғандықтан, олар жасы 18-ге келгенше тронсплантологияны күтуге мәжбүр. Жылына донор күтумен жүздеген адам көз жұмады", - деді депутат