Валентин қай қазақтың атасы еді?

Көктем  мерекелерінен  бұрын  жастардың  қапылып, қуана күтетін мейрамдарының  бірі –Валентин күні, яғни, ғашықтар күні. Елімізде 14-ші ақпан ресми мейрам күні деп жарияланбаса да,  халықтың  бір тобы  бұл  күнді  мейрам деп есептейді. Кейбіреулері қайталанбас махаббат  аңызын толықтай біліп, түсінгендей боп тойласа, енді біреулері тіпті анық-қанығын  білмесе де  елеуге  тырысады. Студент жастар, орта жастағы қыз-келіншектер, жігіт ағалары әйтеуір осы мейрамды тойлауға ынтық-ақ. Халық арасында бұл мейрамның тарағанына да біраз болды. Елге бұл ғашықтар мерекесінің сырының бірнеше нұсқасы тараған. Сол нұсқалардың біреуі мынадай:

Аңыз бойынша сонау ерте қараңғылық заманында қатігез Рим императоры II Клавдий отбасылық міндеттерден бос, жанұясыз, жарсыз - бойдақ ерлер, жігері мен еркі босаңсымай, Отан үшін жақсы қызмет етеді деп есептеп, әскерге барғанға дейін ерлерге үйленуге, ал қыздар мен келіншектерге сүйгендеріне тұрмысқа шығуға тиым салады. Сол әскерилердің ішінде жарлыққа қарсы шығып, махаббатын бәрінен де биік қойғандар табылыпты. Олар кейін «Әулие  Валентин» атымен бүкіл әлемге танымал болған қарапайым дін қызметшісіне барып, некелерін құпия түрде қидыратын болған. Бұл жасырын некелесу рәсімі халық арасында кең тарап, ал Валентин қарт халыққа жанашырлығымен атағы шығып, ел аузындағы сыйлы азаматқа айналады. Көп ұзамай Валентиннің ісі биліктегілерге аян болып, олар дін қызметшісін түрмеге қамап, өлім жазасына кеседі. Абақтыда Валентин түрме қызметкерінің қызы – Джулияға ғашық боп, өлер алдында ғашығына сезімі жайлы баяндап, хат жазып жібереді.  Бұйрық б.э.д. 269 жылы 14-ші ақпанда орындалып, кейін бұл күн бүкіл әлем бойынша ғашықтар күні деп, ал мейрам  «Валентин күні» деп аталып кетті.

«Валентин күні»  Батыс Еуропада XIII ғасырдан бастап, ал, АҚШ-та 1777 жылдан бастап мереке саналады. Кеңес Одағы ыдыраған соң, бұл мейрам Ресейде етек жайып, кейін қазақ даласына да келді. Солай біздер де «заман ағымы ғой» деп өзге жұрттың артынан еріп, тойлатын болдық. Әрине, өкінішті!

Батыс күнтізбелеріне үңілсеңіз мейрамдар өте көп «Әулие Патрик күні», «Хэллоуин»  және т.с.с. Сонда уақыт өте келе сол мейрамдар бізге келсе, біздер әдеттегідей бар тиын-тебенімізді беріп, үш қайнаса сорпамыз қосылмайтын шетелдік мейрамдарды атой салып тойлаймыз ба? Ең сорақысы, бұл мейрамның ұмытылмай, ұрпақтан-ұрпаққа кәдімгідей «мұра» болып қалуында. Экономикасының қарқыны мен өмір сүру деңгейінің көрсеткіші бойынша бізден әлдеқайда төмен өзбек ағайындарымыз тәрбие жағынан тағы асып түсті. Көршілеріміз бұл мерекеден әлдеқашан бас тартқан. Ал, бізге ғашықтар мерекесінің біздің өмірімізге терең ене бастауы соншалық, тіпті, 14-ші  ақпан жақындағанда біздің мектептерімізде 6-7 сыныпта оқитын балғын оқушыларымыз мектеп дәлізіне арнайы әшекейленген жәшік ілумен әлек болады. Абыр-сабыр боп жатқан жасөспірімдерімізге  ешкім тиым салмақ түгілі, ескерту де жасамайтын.

Біздер, қазақ топырағында дүниеге келгендер, қаракөздер осы мейрамға неге соншалықты асықпыз? Әлде  өзіміздің ұлттық мейрамдарымызға көңіліміз толмай ма? Біздің болмысымызға, діліміз бен дінімізге мүлдем жат тәрбиені қомағайлана жұтуымызға қандай себеп бар? Бәлкім, ұлттық құндылықтарды бағаламай, оларға енжарлық танытуымызда шығар...

Ертеректе ата-бабаларымыз бір-біріне деген сезімін, қарым-қатынасын мұндай жария түрде баяндамаған. Қыз бен жігіттің арасында жеңгелері өнегелі ұлттың ұрпағына сай қылық танытып, жігіттің ойын еркесіне жеткізіп отырған.  Сонымен қатар, қайын сіңлісіне кез-келгеннің сұқтануына жол бермей, текті атаның балаларына, ақылына талай ел тәнті болған ер азаматпен көңіл қосуға кеңес беріп отыратын болған. Жастар некелерін қиғанға дейін жиі кездеспей, жеңгелерінің көмегімен, кестелі орамал арқылы жұмбақтап сырласатын болған.

Біреулер «ұлттық рух», «тәрбие» деп шырылдаса, енді біреулер пайда табамын деп тырбаңдайды және табады да. Осы мерекенің Отаны болып табылатын кәрі құрлық еркектері осы мерекеге орай Кения, Эквадор, Колумбия елдерінен бір ғана Люфтганза Карго компаниясы арқылы 1 млн. тонна раушан гүлін жеткізуге тапсырыс берсе, АҚШ-қа осы мейрам қарсаңында 25 рейске дейін ұшақпен гүл тасымалданып, колумбиялық гүл өсірушілер жылдық табыстың 30 пайызына қол жеткізеді деген ақпарат бар. Осылайша «махаббат мерекесі ғой» деп жүрушілер кейбір жандардың бизнес жоспарын орындап, мол табысқа кенелтеді.


Соңғы кездері БАҚ көздерінде осы  «Әулие  Валентин күні» мейрамына балама ретінде «Қыз Жібек пен Төлеген» немесе «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» күнін тағайындау мәселесі жиі айтылып жүр. Қайбір жастар 15-ші сәуір күнін еліміздің ғашықтары «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу» күні деп тойлап та жүр. Бәлкім, бұл осы мейрамның қазақ болмысы болсын деген ниеттен туған ұсыныстар шығар. Бірақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, бізге еш жақындығы жоқ мейрамды қалай да тойлауға тырысқанымыз жөн бе? Бұл қай сасқанымыз десеңізші?! Ненің құрметіне біздер бұл мейрамды қалай да тойлауға ұмтылып, балама іздеп, бас қатыруымыз керек?  Ұлтжандылық, азат елдің еріктілігі қайда? Біреулер, «еш зияны жоқ қой, жастардың көңіл көтеруіне септігін тигізетін мейрамды тойлағаннан не айып?» деп қарсы шығуы мүмкін. Бірақ, бұл мерекенің мәні әлдеқайда қорқынышты нәтижеге алып келмесіне кім кепіл? Тереңірек ойлансаңыз, бұл мерекенің түп тамырында ұлтты азғындық жолға апаратын, аса үлкен қауіп барын байқайсыз! Себебі ашық-хаттар («валентикалар») мазмұны жан түршігершіліктей. Ішін айтпағанда, сыртындағы жазулары мен мұндалап, көргенсіздігі бойынша жарыса жазылғандай, тым ерсі! Өзіңіз де талай байқаған шығарсыз.

Біздер, тәуелсіздігі мен ой еркіндігі үшін күрескен талай жігіттер мен қыздардың  ұрпағымыз ғой. Ата-бабаларымыз ешқандай Валентин күнісіз-ақ танысып, отау құрып, бала тәрбиелеген. Ендігі күні жастарға, соның ішінде қазақ жастарына ғашықтар күні керек деп шулауымыз масқара ғой! Ешқандай «Валентин күні», ешқандай махаббат  күні керек емес, осы пайдасыз еліктеушілік әдетті тасталық!

Бұл мереке біздің қыздарымыздың бойынан нәзіктік пен ұяңдықты тартып алса, ал жігіттерімізге арзан күлкі мен жалған сезімге бой алдырып, ойланбаған іс-әркетке баруды бойларына сіңірді. Құдайға шүкір, заманымыз тыныш, еліміз аман тұрғанда неге бұл мереке алдында дәрменсіздік танытып, біреу «Әулие  Валентин  күніңмен» деп құттықтаса, қуанып, сынаса қипақтап қаламыз?

Расында, ешкімге жалтақтамай, сүйген жарыңа немесе ғашығыңа сыйластығың мен сүйіспеншілігіңді білдіру үшін қыстың бір күнін күтіп қажет емес тәрізді.

Сөз соңында айтарымыз, бұл мейрамды тойламауды талап етіп, ешкімді тоқтата алмайтынымыз айдан анық. Сондықтан бұл мәселеге деген қарым-қатынасын әркім өзінен, өз жүрегінен табуы тиіс. «Орта түзер ойыңды, ойың түзер бойыңды» деп дана Абай бекер айтпаса керек. Ертеңгі күннің болашағын қалыптастыруды өзіңізден бастаңыз.

Осы аласапыран нарық заманында бойымызға сіңген ұлттық қасиеттеріміз бен салт-дәстүрімізді, дінімізді жоғалтпай, заман талабына сай бейімделіп, өмір сүру ұлт алдында тұрған елеулі тапсырма секілді. Қалай ойлайсыз?

                                                                                                                Ақпарат көзі: muftyat.kz