Ұлттық банктің атап өткеніндей, Валюталық мәселелер жөнінденгі халықаралық қауымдастық төрағасы Ричард Хайкок "Үздік жаңа банкнота" жүлдесін тапсыру кезінде Қазақстанның Ұлттық банкі 2006 жылдың қарашасында шығарған банкнотаның жаңа серияларының күрделі және жоғары деңгейде қорғалғандығын атап өтті. Екінші орын Швецияның орталық банкі былтырғы жылдың наурыз айында шығарған номиналы 1000 крондық ақшасына берілсе, үшінші орынға Мексика банкі 2006 жылдың қарашасында айналымға енгізген 50 песо номиналындағы банкнота ие болған.
Конференция шеңберінде бәйге алғаш рет өткізілген. Сонымен қатар, үздік тиын немесе тиындар сериясы, банкнотаның үздік қорғаныс элементі, ақша жасау индустриясының үздік өнімі, валюта туралы үздік қоғамдық танымдық бағдарлама, банкноттар мен тиындар туралы үздік веб-сайт секілді аталымдардың жеңімпаздары белгілі болды. "Ұйым тағайындаған сыйлық банкноттар мен тиындар өндірісінде, оларды өңдеу мен басқаруда жетістіктерге жетуге көмектесу және оларды мойындауға арналған", - деп хабарлайды Ұлттық банк.
Валюта конференциясы 7-9 мамыр күндері Бангкок қаласында (Таиланд) өтті. Форум қолма-қол ақшаға, оның ішінде банкноттар мен тиындарды дайындау технологиясына, қорғаныс элементтерінің заманауи өңделіп жасалуына, әртүрлі мемлекеттердегі ақша айналымы мәселелеріне және оларды шешу жолдарына арналды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті