Вашингтонда Астана күні атап өтілді

Оған еліміздің достары саналатын жиыны 100-ден астам саяси-іскерлік элита мен сарапшылар және БАҚ өкілдері жиналды. Шара барысында «Қазақ даласындағы үйлерде: Әлем корпусы еріктілерінің мемуары» (At Home on the Kazakh Steppe: A Peace Corps Memoir) атты кітаптың тұсаукесері өтті. Amazon.com онлайн дүкендер желісіне қойылған туынды биылғы жылдың Moritz Thomsen Peace Corps Experience жүлдесіне лайықты деп табылған болатын. Кітаптың авторы Джанет Гивенс Вермонт штатынан АҚШ астанасына арнайы келіп, бір кездегі қазақ даласынан алған әсерлері жайында әңгімелеп берді. Ол тіпті барлық көрген-білгендерін адиторияға қызықты етіп баяндап қана қоймай, кітаптан дархан көңілді қазақ халқының қонақжай, бауырмал қасиеттерін мысал еткен үзінділер оқыды. Қонақтар қазақ елінің болмысын ғана емес, сондай-ақ оның қарқынды дамуы мен жас Астанасының өсіп-өркендеуіне қатысты мол мағлұматтар алды. Олар мақсатқа жету жолындағы табандылық, ақыл-ой көрегендігі, болашаққа деген нық сенім, саяси тұрақтылық және жедел экономикалық өсім сияқты белгілер ең әуелі Мемлекет басшысының данагөй, сарабдал саясатының арқасында екенін атады. «100 нақты қадам», «Нұрлы жол», «ЭКСПО-2017», «Қазақстан-2050» сияқты жаңа мемлекеттің «төлқұжатына» айналған бастамаларға бірауыздан жоғары бағасын берді. Ал Астана туралы деректі фильм жиналған қауымның Қазақастан жайлы танымын одан әрі кеңейтіп, айрықша әсерге бөледі. Америкалықтар бүкіл қазақ халқы мен Елбасын Астананың таңқаларлық табысымен құттықтап, жарқын жетістіктер тіледі, - деп хабарлайды 
http://24.kz/
.