Бұл туралы ҚР елшілігінің баспасөз баянында хабарланды.
Бұл көрме Нью-Йорк университеті жанындағы ежелгі әлем зерттеу институтының, АҚШ-тағы ҚР елшілігінің, ҚР мәдениет және ақпарат, білім және ғылым министрліктерінің, «Назарбаев орталығының», Орталық мемлекеттік мұражайдың, Ә.Марғұлан атындағы археология институты мен мұражайының және «Қырым аралы» ғылыми-жаңғырту зертханасының екі жылғы жанқиярлық жұмысының жемісі болды.
Бұдан жарты жыл бұрын бұл көрме АҚШ-тың мәдени орталығы - Нью-йорк қаласында өткізіліп, үлкен табысқа жеткен еді. Қазақстандық бірнеше ғалымның жұмыстары кірген көрменің 200-беттік жоғары сапалы ғылыми-көпшілік каталогы бастырылып шығарылды.
Көрменің ашылуына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Тілеуғали Қышқашбаев бастаған Қазақстан делегациясы келді. Делегация құрамында - белгілі археолог-ғалым және Қазақстанның мәдениет қайраткерлері Зейнолла Самашев, Бауыржан Байтанаев, Роза Бектөреева және Ерлан Оспанов бар.
Экспозиция негізін ежелгі және орта ғасырлық көшпелілердің жарқын мәдениетімен байланысты бай археологиялық және этнографиялық коллекциялар құрайды. Көрмеге келушілер Шілікті мен Берел қорғандарынан табылған алтыннан жасалған жәдігерліктерді, алтын әшекейлерді, біздің жыл санауымызға дейінгі 8-ғасырдағы сақ көсемінің киімдерін, біздің жыл санауымызға дейінгі 2-1-ғасырлардағы Қарғалыдағы үйсін абызының бейітінен табылған бірегей алтын әшекейлерді, сондай-ақ ағаштан, қоладан және басқа да материалдардан жасалған көптеген басқа да заттарды көре алады.
Көрме ағымдағы жылғы 12 қарашаға дейін созылады және қазақ ұлттық музыка кеші, Қазақстан мәдениеті туралы лекциялар сияқты басқа да мәдени шаралармен өріліп отырылады.