ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шараны Австриядағы Қазақстан Елшілігі Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-мен бірлесіп ұйымдастырды.
«Венада қазақстандық кино күндері режиссер Ермек Тұрсыновтың «Шал» көркем фильмімен ашылды. Басты рөлде ойнаған актер Ерболат Тоғызақов көрермендерді фильммен таныстырды. Шараға Австриядағы Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Қайрат Сарыбай, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Бақыт Қайырбеков, қазақ диаспорасы қатысты», - деп хабарлады «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ, кино күндері аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген «Біржан сал» (реж. Д. Жолжақсынов), «Жаужүрек мың бала» (реж. А. Сатаев), «Дорога домой» (реж. Р. Сүлейменов), «Подарок Сталину» (реж. Р. Әбдірашев, ALDONGAR Productions өнімі, оны түсіруге Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қатысқан) фильмдері көрсетіледі.
Фильмдер Венаның орталығындағы кинотеатрлардың бірінде көрсетіледі.
Басты мақсат - Қазақстанның мәдениетімен, дәстүрі және тарихымен таныстыру, сонымен қатар екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайту.