Венецияға айналған Алматыны Мәсімов жаяу аралап шықпақ

Әсіресе, белден келетін суды жүзіп өткен «Тесла» электрокөлігі Үкімет басшысының көзіне қатты түсіпті. Алайда қала әкімі Бауыржан Байбек Мәсімовтің алдында жағдайды бақылауда ұстап отырмыз деп сөзден ұстатқан жоқ. Бұл сөздің рас-өтірігін білу үшін Үкімет басшысы жақын арада Алматыға арнайы келетін болды, деп хабарлайды КТК.

Басқа көліктер топан суға белшеден батып тұрғанда «Тесла» тақымдаған жүргізуші құдды қайықпен жүргендей зырылдап жүзіп өткен таспа осы. Ғаламторда жарияланған бұл видеоны Кәрім Мәсімов те көрген екен.

-Жүзіп жүрген «Тесла» көлігінің арқасында қаланың теріс мағынада аты шығып кетті. Жақында Алматыға барып, не жағдай болып жатқанын өз көзіммен көріп шығамын, дейді ҚР Премьер-министрі

Ал қала әкімі ақталып әлек. Өткен жұмада 3 сағаттың ішінде бір айлық жауын мөлшері түсті дейді Бауыржан Байбек. Жай жаңбырдың өзінде суға толып қалатын Алматының арықтары бұл күні тіптен істен шыққан. Салдарынан орталық көшелердің өзі көлкіген суға толды. Шеткі аудандардағы жағдай тіпті мүшкіл. Аспанға бұлт үйіріле бастаса, жер үйдің тұрғындары қазір шошитын болған. Ал, негізі қаладағы қауқарсыз арықтарды жөнге келтіру үшін 2007 жылы арнайы жоба дайындалған екен. Бірақ, ол жүзеге аспай, сол күйі ұмытылған.


-2007 жылы Алматы қаласының жаңбыр суларын, қарды алып кететін канализация жобасы жасалынған болатын, Алматы «гипрогорпроекті» институтыменен. Бірақ, сол жоба іске асқан жоқ. Сол іске асса мына қаланың жаңбыр суы, қардың суы бәрі мына лотоктармен еріп, Есентай өзеніне құйылу керек еді, дейді техника ғылымдарының докторы, Меңлібай Мырзахметов.

Байбектің айтуынша, арықтарды барынша тазартып-ақ жатыр. Мәселен, биыл көктемде 188 шақырымдық арық желісі 17 мың текше метр қалдық заттардан арылыпты. Бірақ нөсер жауынға бәрібір төтеп бере алмайды екен. Енді Мәсімов жағдайды өз көзімен көру үшін жақын күндері Алматыға кеп, әкіммен бірге қаланы жаяу араламақшы.