«Биыл Венгрия Еуроодақтың кезекті төрағасы міндетін атқарады. Бұл 10-15 жылда бір келетін абыройлы міндет. Сондықтан да біздің ел бұл тұста үлкен істер атқаратыны белгілі. Менің ойымша, Венгрия Республикасы Бас консулдығының ұйымдастыруымен Алматыда өтейін деп жатқан алдағы мәдени шаралардан біздің елдің тарихы, мәдениеті, жалпы тыныс-тіршілігінен ауқымды ақпарат аласыздар деген сенімдемін. Мұндай іс-шара жоспарынан мен де шет қалмауға тырысам», - деді пианист Дердь Оравец.
Ол 2 наурыз күні Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өзінің концертін өткізеді. Келесі күні аталмыш филармонияда жеке концертін беруді жоспарлап отыр.
Д.Оравец 1963 жылы Будапештте дүниеге келген. Музыкамен 8 жасынан айналысқан. 1981 жылы Ф.Лист атындағы консерваторияға оқуға түсіп, онда Иштван Лантош және Золтан Кочиштан дәріс алды. 1985 жылы Венгрия радиосы өткізген пианистер байқауында өзінің алғашқы жеңісіне ие болып, «Приз Цифры» стипендиясына қол жеткізген.
Пианистің репертуарында Бах, Брамс, Шуман және Прокофьевтың музыкасымен қатар, Лист, Барток және Гершвинның шығармалары да қамтылған.
Өткен концерттік маусымда Д.Оравец Будапешт және Венгрияның басқа да қалаларында, сонымен қатар Нью-Йорк, Спрингфельд, Чикаго, Бразилия және Германияда сахнаға шықты.
Қазіргі уақытта Д.Оравец жаңа жобалар дайындау үстінде.