Венгрлер Қазақстанда аязға және зілзалаға төтеп бере алатын тұрғын үйлерді салуға ниетті

деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Осы сапар алдында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев Венгрияның Алматы қаласындағы бас консулы Ференц Блауман мен оның сыртқы экономикалық байланыстар бойынша кеңесшісі Иштван Макралиді қабылдады.

Кездесу барысында Өскеменде болашақта салынуы мүмкін үй-құрылысы комбинатына инвестор тарту мәселелері, сонымен қатар, венгрлік компаниялар ұсынып отырған шығыны аз, шағын су электр станцияларының жобалары қаралды. Венгрлік консулдың айтуынша, ұсынылып отырған жобалар арқылы өңір тұрғындарын, ауыл шаруашылығы саласын, туристік кешендерді, тіпті, өндіріс нысандарын да арзан электр энергиясымен қамтуға болады.

Ермек Көшербаев өз сөзінде Венгрияның астанасы Будапешт қаласында Абайдың ескерткішін ашу жұмыстарына атсалысқандары үшін елшілерге алғысы шексіз екендігін айтты.

«Еліміздің Үкімет басшысы Венгрияға жасаған сапарында Будапешт қаласының орталығына Абай ескерткішін орнату мәселесін қозғаған болатын, сіздердің табанды еңбектеріңіздің арқасында ұлы ақынның ескерткіші Венгрияда бой көтеретін болды», - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Ференц Блауман Шығысқа бірінші рет келіп тұрғанын, бұл өңірдің табиғи ресурстарға бай екендігін жеткізді. Оның айтуынша, екі ел арасындағы байланыс арқылы ұтымды экономикалық жобаларды жүзеге асыруға болады. Оның ішіндегі ең негізгілері - құрылыс, ауыл шаруашылығы және энергетика салалары.

«Жуықта қазақстандық делегация Венгрияға барады деп күтілуде. Бұл сапар барысында көптеген екіжақты келісімдерге қой қойылады деп үміттенеміз. Біздің әкеліп отырған жобаларымыздан басқа сіздерді қызықтыратын көптеген идеяларымыз бар. Венгрияның Қазақстанға экспорты қазір 210 миллион АҚШ долларын құрап отыр, бұл көрсеткіш алдағы уақытта әлі де ұлғая түседі деп ойлаймын. Венгрия қазір аграрлық елден өнеркәсіптік мемлекетке айналып келе жатыр. Шығыс Қазақстан облысының аймағында таулы өзендер өте көп. Шағын су станцияларын салу сіздер үшін өте тиімді», - деді Ференц Блауман.


Консулдың кеңесшісі Иштван Макрали венгрлік жобалардың ішінде үй-құрылыс комбинатын салу да бар екендігін атап өтті.

«Біз қабырғалары жылдам құрастырылатын, сейсмикалық төзімді, сіздердің аязды қыстарыңызға төтеп бере алатын, жылуды жақсы ұстайтын үйлер құрастыра аламыз. Жобада екі қабатты коттедждер деп көрсетілген, оны көпқабатты тұрғын үйлерге ауыстыруға болады», - деді Иштван Макрали.