Вице-премьер Есімовтың пайымдауынша, Қытайдың қарқынды дамуынан Қазақстан да пайда көруге тиіс

"Импорттық сыйымдылығы жылына 560 млрд. долларды құрайтын Қытай шетелдік инвесторлар үшін айрықша тартымды рынок болып табылады",- деді А.Есімов. Вице-премьер осы орайда қазақстан-қытай тауар айналымының көлемі соңғы үш жылда 3,5 есе өсіп, 4,5 млрд. долларға жеткенін атап өтті. "Биыл бұл сан президент белгілеген меже - 5 млрд. доллардан асуы мүмкін",- деді ол.

"Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың келешегі зор әрі олар бір-бірін толықтыра түседі",- деп атап өткен вице-премьер ҚХР төрағасы Ху Цзиньтаоның жуырдағы сапары барысында маңызды шешімдер қабылданып, "екі жақты қарым-қатынасқа берік негіз қалайтын маңызды құжаттарға қол қойылғанын" айтты.