"Видео түсіру үшін несиеге IPhone 12 алдым": Автобустың үстіне шығып билеген қарағандылық желіде қалай жұлдызға айналғанын айтты

Позитивті көңіл-күйдегі видеолар түсіріп, бүгінде желі жұлдызына айналған оның Tik-Tok желісінде 40 мыңнан астап, Инстаграмда 20 мың оқырманы бар. Stan.kz тілшісі автобус жүргізушісінен мұндай сипаттағы видео түсірудегі мақсатын сұрады.

“Қоғамдық көлікте жұмыс істеп жатқаныма он жыл болды. 22 жасымнан бастап автобус жүргізішісі болып жүрмін. Халықтың қоғамдық көлікке деген қарым-қатынасы нашар. Таңғы 5-тен түнгі 23:00-ге дейін халықты жұмысқа апарып-әкелемін. Маған халықтан бата алыңдар деген тәрбиемен өскенмін. Осы салада жүрген соң көңілге тиетін сөздерін елемеймін. Халықты тегін апаратын кездер болған. Шығынды өз қалтамнан алып төлейтінмін, осылайша, көлік жүргізушілеріне деген көзқарасын өзгертсе екен деген тілек болған”, – дейді Айдос Арынов.

Автобус жүргізушісінің алатын жалақысы 200 мыңнан асады. Оның сөзінше, жұмысына жауапкершілікпен, тиянақтылықпен қарайды. Одан бөлек, айына 40-50 мың теңге Instagram арқылы табады.

“Жұмысым ұнайды, жаныма жақын, бірақ жұмыс процессі шаршатады. Сондықтан басқа қалаға көшуді жоспарлап жүрмін”, – дейді ол.

Халыққа позитивті көңіл-күй сыйлау, автобус жүргізушілеріне қатысты пікірін өзгерту мақсатта биыл қыста желіде аккаунт ашады.

Айтуынша, контентіне қатысты теріс пікір жазатындар жоқ. Мақсаты – өзінің брендін қалыптастыру. Бүгінде Tik-Tok-та ең көп қаралымы 2 млн-ға жеткен. Видеоларына кондукторы монтаж жасайды. Ал сапалы видео түсіруге несиеге IPhone 12 сатып алған.

“Оны тек осы видео контент жасау мақсатында ғана қолданамын. Бастапқыда қарапайым телефонға түсіре беретінмін. Алайда оқырмандарым сапалы телефон алуымды сұрады. Келіншегім осы телефонды маған сыйға тартты”, – дейді ол.

Келесі жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласына көшіп, сол жақта қоғамдық көлікте жұмыс істеуді жоспарда бар, дейді Айдос.

Айдос Арынов автобус үстіне шығып билеген видеосына қатысты да пікір білдірді. Айтуынша, Tik-Tok-тағы трендті қайталағысы келген.

"Басшылар тарапынан ескерту бола ма деген күдік болды. Алайда дәл осылай түсіру керек болды. Осылай түсірсем, көп қаралым жинаймын деп ойладым. Кешеден бері шынымен-ақ, жұлдыз болып жатырмын. Қорыққан жоқпын. Онда тұрған ештеңе жоқ. Шешініп, жаман әрекет жасаған жоқпын. Автобустан секірген де жоқпын. Бір-екі кадрда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын”, – дейді желі белсендісі.


Айтуынша, желіде танымалдылығы артқан соң түрлі компаниялардан ұсыныстар түсіп жатыр. Соның бірі Қарағандыдағы автобус шығаратын компаниялар. Алайда хоббиіне сенімсіздікпен қарағандар да табылған.

“Көлік жүргізуші болып жүріп, бір жұмысты әрең алып жүрген әріптестерім бар. Алайда мен негативті ойларға бой алдырмаймын. Жұмысымды да істеймін, желідегі қызметіме де үлгеруім керек. Әріптестерім қызығушылығыма күле қарайтын. Алайда қазір оларды бәрінің ойын өзгерттім, желіні дамытуға көмектесуімді сұрайды. Тіпті оқырмандардың арасында “сізбен кондуктор болып шығайықшы” деп, бірге видео түсіруге ниеттеніп жатқандар бар”, – дейді ол.

Айдос Арыновтың Нұр-Сұлтан көшелерінде билеп, ел назарын өзіне аударып жүрген Аида есімді қыздың “қызығушылығына” қатысты пікірін білдік. Айтуынша, оқырмандары Аидамен бірге би билеп видео түсіруге ұсынып жатыр екен.

“Астанада би билеген қыз жайлы естідім. Маған оқырмандарым сол қызбен бірге билеп видео түсіруді ұсынып жатыр. Негізі оның форматы басқаша, менікі басқа. Көшеге шығып билемеймін, жұмыстан бос уақытта адамдарға көңіл күй сыйлағым келеді. Хайп үшін істеген жоқпын. Өзімді жек көрінішті қылғым келмейді”, – дейді ол.

Ол өзіне қолдау көрсетіп жатқан оқырмандарыма үлкен алғысын айтады.

“100 адамнан сторис түсіріп бастағанмын. Осы 100 адамға терлеп-тепшіп сторис түсіретінмін. Қазір сторисімді 5-6 мың адам көреді”, – дейді ол.