Виктор Храпунов қиын өмірі жайлы сұхбат берді

-Банкте есеп-шоттарым жоқ, болған да емес. Отбасымның есеп-шоттары жабылды деген бекер. Мұнда ешкім бізге қатысты қылмыстық іс те қозғаған жоқ. Тек қаржылық ресурстарымызды пайдалануға шектеу қойылды.

Бұдан басқа Виктор Храпунов Қазақстан аумағы мен шетелде бірде-бір жылжымайтын мүлігі немесе дүниесі жоқ екенін айтқан. Алматыдағы жалғыз үйімді де саттым депті. Ал ұл-қызының миллиондап шашып жүрген ақшасын Храпунов ұрлық емес, балаларының өз еңбегі санайды екен. Айтуынша, ұлы Ілияс бизнестің тілін жетік меңгерген. Бұған сол Швейцарияда алған жоғарғы білімі септігін тигізген көрінеді. Алатау бөктеріндегі жерді гектарлап, Алматының әкімшілік ғимараттарын ондап сатып, қыруар қаржымен Альпі асқан Храпунов қазір Женевада тұрып жатыр. Экс-шенеуніктің бала-шағасымен Интерполдың іздеуінде жүргенін де айта кетейік. Бірақ Храпуновтың өзі отбасына шаң жуытар емес.

-Жоқ, көмектескен жоқпын. Бизнес бастағанда ақшаны қайдан алғанын баспасөз өкілдеріне өзі айтып берген. Кезінде несие алып жұмыс істеген. Өркениетті қоғамның бәрінде жұрт банктен несие алып, «айналдырады», қайтарады, сөйтіп алға жылжиды. Бәрі ашық, жария әрі қол жетімді. Мұны кез келген адам біледі.