Автокөлік иелері әдемі нөмірге қол жеткізу үшін ұзын-сонар кезекте тұруға дайын. Аталмыш видеолар әлеуметтік желіде тарап жатыр. Мұндай қызығушылықтың артында не жатыр? Бұл сән үшін бе, әлде қоғам қысымынан туындайтын жарыс па? Caravan.kz медиа порталының тілшісі жауап іздеп көрді.
Халық үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында 2026 жылғы 1 қаңтарынан кез келген қажетті цифрлық және әріптік белгілермен мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін еркін таңдауды көздейтін нормалар қолданысқа енді.
Енді «әдемі» сандарды өте арзан бағаға алуға болады. Қарапайым комбинациялар 43 мың немесе 64 мың теңге тұрады. Бұл сома көпшілік үшін қолжетімді, себебі көзге түсіп, қоғамның алды болу үшін мұндай ақша беру қиын емес. Қуанышты жаңалықпен полиция өкілдері бөліскен.
"5 қаңтардан бастап азаматтар мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісін арнайы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы таңдай алады. Бұл ретте, кез келген қажетті әріптік және цифрлық белгілері бар МТНБ құны 10 АЕК және 15 АЕК мөлшерінде болады (жоғары сұранысқа ие МТНБ-ны қоспағанда)", — деді ҚР ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Арай Төлегенқызы.
Еліміздің барлық дерлік өңірінде арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарында ұзын кезектер пайда болды. Мемлекеттік корпорация қызмет алушылардың жоғары ағынын растап, мұны нөмірлерді өз бетінше таңдау мүмкіндігі туралы ақпараттың таралуымен түсіндірді.
Айта кету керек, бұл миллион теңгеден асатын VIP-нөмірлер туралы емес. 2026 жылдан бастап VIP автокөлік нөмірлері қымбаттағанын да айта кеткен жөн. Бұған айлық есептік көрсеткіштің өсуі себеп болды. Сондықтан көлігіне ерекше нөмір алғысы келетіндер енді бұл өзгерісті ескергені дұрыс.
Жаңа жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш 4325 теңге болып бекітілді. Ал өткен жылы ол 3932 теңге болған еді. Яғни өсім шамамен 10 пайызды құрады. Осы өзгеріс сұранысы жоғары мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерінің бағасына да тікелей әсер етті.
Қазір ең қолжетімді VIP нөмірлер қатарына әріптері бірдей емес, бірақ саны әдемі болып келетін нұсқалар жатады. Олардың ішінде 010, 020, 030, 040, 050, 060, 070, 077, 080, 090 және 707 сияқты комбинациялар бар. Мұндай нөмірлердің бағасы 57 АЕК. Ақшаға шаққанда бұл 246 525 теңге.
Егер осы сандар сақталып, бірақ әріптері бірдей болса, баға бірден өседі. Мұндай VIP нөмір үшін 114 АЕК төлеу қажет. Бұл 493 050 теңге болады.
Келесі санатқа 100, 111, 200, 222, 300, 333, 400, 444, 500, 555, 600, 666, 700, 800, 888, 900 және 999 сандары бар нөмірлер кіреді. Бұлардың құны 137 АЕК-ке тең. Яғни 592525 теңге. Ал осы комбинациялар әріптері бірдей болып келсе, бағасы 194 АЕК-ке дейін жетеді. Бұл 839 050 теңге.
Одан да қымбат VIP нөмірлер де бар. 001 ден 009 ға дейінгі сандар және 777 комбинациясы бар нөмірлер 228 АЕК тұрады. Ақшаға шаққанда бұл 986 100 теңге.
Ең қымбат VIP нөмірлер бұрынғыдай 001 ден 009 ға дейінгі және 777 саны бар, әрі әріптері бірдей нұсқалар болып қала береді. 2026 жылы олардың бағасы 285 АЕК-ке дейін өсті. Бұл 1 232 625 теңге.
Қазір автокөлік иелері жеке маңызы бар комбинацияларды таңдай алады. Мысалы, туған күні, туған қаласы, сүйікті сандар болуы мүмкін.
"Кейбіреулер белгілі бір санды бақыт пен сәттілік әкеледі деп сеніп, ырымдап алады. Біреулер өздерін қоғамда жақсы сезінгісі келеді, әсіресе жастар топтан ерекшеленгісі келеді, олардың уақыты сондай. Себептері әртүрлі", - дейді «Ортақ Жол» жол қауіпсіздігі қауымдастығының жетекшісі Әрсен Шакуов.
Психотерапевт Александр Рущуктің айтуынша, бірегей әдемі нөмірге ие болуға деген ұмтылыс – таза психология.
«Адам өзін ерекше көрсету, әлеуметтік мәртебесін көрсету үшін осылай әрекет етеді. Кейде нөмірдің бағасы көліктің өзіне тең болса да, адамдар үшін статус пен ерекшелік сезімі маңыздырақ», - дейді сарапшы.
Кез келген жаңашылдық қоғамда тапшылық сезімін тудырады дейді маман. Сонымен қатар мұндай қарбалысты топтық мінез-құлықпен де түсіндіруге болады. Көпшілік «қазір алмасаң, әдемі нөмірден айырылып қаламын» деп олайды. Сондықтан әдемі номерді алуға барған бір адамның соңынан қалғандары ереді. Сарапшылардың пікірінше, мұндай сұранысты онлайн арқылы да атқаруға болады. Мысалы қосымша арқылы тапсырыс беріп, үйіне дейін жеткізіп беру қызметі.
Мемлекет мұндай мүмкіндікті бірнеше себептен беріп отыр.
Біріншіден, бұл халықтың сұранысын қанағаттандыру. Екіншіден, бюджетке қосымша түсім түседі. Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде бар. Мысалы, Украинада нөмірлерге кез келген жазуды немесе никнеймді жазуға болады, ал мұндай сән-салтанат үшін адамдар жүздеген, тіпті мыңдаған доллар төлеуге дайын. Осылайша, автокөлік әуесқойлары өз мәртебесін көрсетудің жолын табады, ал мемлекет қосымша табысқа ие болады.
Бұдан бөлек ерекшелену әр азамат үшін психологиялық тұрғыдан бақыт және сенімділік сыйлайды дейді сарапшылар.