“Вирус, қатерлі ісік жасушалары жойылады”: Нутрицолог ораза ұстаудың пайдасы туралы айтты

Осы орайда ораза кезінде қалай дұрыс тамақтану керек, қандай қателіктерден аулақ болған жөн деген сұрақтар көпшілікті мазалайтыны сөзсіз. Аталған тақырып аясында Caravan.kz медиа порталының тілшісі нутрицолог және отбасылық дәрігер Айдана Сейілханмен сөйлесіп, ең өзекті сұрақтарға жауап алды.

Айдана Асылханқызы, санаулы күнде күллі мұсылман үшін қасиетті саналатын Рамазан айы басталады. Жалпы Ораза ұстауға ағзаны неше күн бұрын және қалай дайындау керек?

- Ораза ұстауға ағзаны кемі 3 ай бұрын дайындау керек. Ең бірінші асқазан-ішек жолдарының жұмысын реттеп, әсіресе өт пен бауырға қолдау жасау керек. Себебі өті бірнеше жылдан бері толып жүрген жандарда оразадан кейін өттің іркілуі, тас түзілуі болуы мүмкін. Бірінші - дайындық күнделікті жылы су ішу. Әр адам дене салмағын 30мг көбейтіп, шыққан су мөлшерін тәулігіне ішіп отыру керек. Әрине, бүйректе аса бір ауыр ауру болмаса. Екіншіден, тамақ рационынан фаст-фуд, газды сусындар, энергетиктерді, тәтті шоколадтар мен чипсы сияқты зиянды тағамдарды азайту керек. Үшіншісі - аптасына 2 күн ораза ұстау (нәпіл ораза ұстасаңыз болады: дүйсенбі және бейсенбі күні). Төртіншіден, созылмалы панкреатит, созылмалы холецистит, созылмалы гастрит, бауырда диффуздық өзгерістер не май басуы болса, ораза кезінде қатты асқынып кетпес үшін нутрицолог дәрігерінен ем алу керек.

Оразада мәзір жағынан бірінен бірі асып түсетін ауызашарлар өтіп жатады. Мұндай кезде адам өзін ұстай алмай, артық тамақтанып қоюы мүмкін. Бұдан қалай сақтануға болады?

- Сәресінде толыққанды тамақтану керек. Ол пайдалы майлар (құйрық май, қазының майы, қолдың сары майы не ГХИ майын, зәйтүн майын, авокадо ), пайдалы ақуыздар (қолдың жұмыртқасы, бөдене жұмыртқасы, творог, қой, жылқы, үндік, қоян еті, қатты ірімшіктер) және күрделі көмірсу (қарақұмық, тары, талқан, күріш, амарант, киноа т.б) болуы керек. Себебі, адам сәресінде толыққанды тамақтанбаса күні бойы шаршап, жұмысқа мүлдем күші болмай жүреді. Ал пайдалы май, ақуыз және күрделі көмірсу адамға күні бойына энергия мен тоқтық сезімін береді. Көп адамның қателігі, сәресіне тәттімен шәй, жеміс секілді жеңіл-желпі тамақтар іше салады. Бұлай тамақтанған адамда энергия болмайды. Тіпті аштыққа шыдамай кей жандар аузын ашып жіберуі мүмкін. Сондықтан сәресінде жеңіл көмірсулардан бас тартқан дұрыс.

Оразаны салмақ тастау үшін де ұстайтындар бар. Діндегі ниет тұрғысынан мұның дұрыс емес екені белгілі. Ал денсаулық, тамақтану жағынан қаншалықты дұрыс тәсіл?

- Ораза денсаулық үшін өте жақсы амал. Себебі, ораза кезінде ағзадағы жаман бактерия, вирустар, саңырауқұлақтар, ішектегі қаншама жылдан жиналған ашу, шіру қалдықтары және жаңадан пайда болып келе жатқан қатерлі ісік жасушалары жойылады. Яғни аутофагия процессі іске қосылады. Аутофагия дегеніміз - ағзадағы ескі белоктарды, патогенді микроағзаларды клетканың өзі жеп қоюы. Аутофагия өз-өзін жеу деген мағынаны білдіреді. Бұл кезде клетканың максимальді түрде жаңаруы болады. Процесс барысында ағзадағы керек емес қалдық, қоқыс өнімдердің барлығы жойылады. 

Ал керісінше, ораза кезінде салмақ қосып алмау үшін қандай қателіктерден сақтану керек?

- Оразада салмақ қоспау үшін ауызашарда аз тамақтанып, сәресінде тойып тамақтану керек. Себебі ауызашарда көп тамақтанғанда ол толығымен қорытылмайды. Көп адамдар тойып тамақтанып алып көп қимыл- қозғалыс жасамай, яғни тамақты сіңірмей ұйықтап қалады. Ал кейбірі шоколад, кәмпит, жеміс, тәтті қосылған ұн өнімдері секілді тек жеңіл қорытылатын көмірсулармен ғана ауыз ашып, ауыз бекітіп жатады. Сондай-ақ, ауыз ашып тамақтанып болған соң ауыз бекіткенге дейін жылы су ішіп отыру керек.

Оразада спортпен шұғылдануға бола ма? Қай уақытта тиімді?

- Әр адамның ағзасы әртүрлі. Сондықтан да бірінші дәрігерден кеңес алған дұрыс. Ораза кезінде бірқалыпты, яғни йога, пилатес, таза ауада серуендеу сияқты жеңіл спорт түрлерімен айналысуға болады. Ағзаңызға құлақ асып, өзіңізді шамадан тыс жүктемеген жөн. Ал егер кәсіпқой спортшы болса, жаттығудан кейін бірден су ішу үшін ауызашар алдында және сәресінің алдында жаттығу жасауға кеңес беремін. 

Асқазаны ауыратын, қан қысымы немесе қант диабеті бар адамдарға ораза ұстауға бола ма? Ұстаған жағдайда нені ескеру керек?

-  Асқазанда жарасы бар, қант диабеті бар  және бүйрек жеткіліксіздігі бар адамдарға ораза ұстамаған абзал. Ал қан қысымы бар жандарға ұстауға болады.

 Кейінгі жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында да ораза ұстайтындар көп. Оларға қандай кеңес бересіз?

- Иә, әрине, ораза ұстағандары жақсы. Ораза адамды төзімділікке, сабырлыққа, аштыққа шыдауға үйретеді. Жасөспірімдерге барынша дұрыс, салауатты тамақтану арқылы денсаулықтарын бұзбай ораза ұстауға кеңес беремін. Жасөспірімдер көбіне фаст-фуд, газды сусындар секілді жеңіл көмірсулармен ауыз ашып, ауыз бекітіп жатады. Бұл - ағза үшін өте зиян. Аталған өнімдердің барлығы дерлік адамның ағзасын қабындырып, ауруды көбейтері сөсіз. Дұрыс тамақтану - денсаулық кепілі. Ауру астан деп атам қазақ бекер айтпаған. Жасөсіпірімдердің бір қателігі - сәресіне тұрмауы. Ол да ағзаға үлкен жүктеме болады. Себебі, сәресін ішпеген адамның ағзасы күні бойына қажетті энергияны бұлшықеттен алады. Ал, бұл - адамның құрылымдық материалы азайып жатыр деген сөз.

Оразадан кейін қалыпты тамақтануға қалай дұрыс оралу керек?

- Рамазан айы біткеннен кейін ағзаны қажетті қоректік заттармен толықтыру үшін әртүрлі және теңдестірілген диета ұстанған абзал. Таңғы ас пен түскі аста майлар, ақуыз, күрделі көмірсу, ал кешкі аста белок пен көкөніс болуы тиіс. Кешкі ас барынша жеңіл болуы шарт. Кешкі асты ұйқыға дейін кемі 3 сағат алдын ішу керек. Денсаулығыңыз бен жаныңыздың қамын ойлау - Ислам дінінің басты қағидасының бірі екенін ұмытпаған жөн.

Әңгімеңізге рақмет!