Визасыз режим Қытайға қатысты осыған дейінгі мәселелермен салыстырғанда қауіпсіз - Абзал Достияр

Әлеуметтік желілердегі белсенділер арасында бұл шешімге қарсылық білдіріп жатқандар аз емес. Осы орайда екі ел арасындағы визасыз режим қауіпті ме?  Бұл шешімінің астарында не бар? Қарсылық білдіргендер неге қамалып жатыр? Осы және өзге де сұрақтарды Caravan.kz тілшісі өзін саяси күрескер деп таныстыратын Абзал Достиярға қойып көрген еді. 

- Абзал мырза, Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим еліміз үшін қауіпті ме? 

Қытаймен тонның ішкі бауырындай араласа алмаймыз. Өйткені біздің дәрежеміз, деңгейіміз, мүмкіндіктеріміз тең емес.  Қытаймен өте сақ болу керек, қоян-қолтық араласуға болмайды. Бірақ, визасыз режим Қытайға қатысты осыған дейінгі мәселелермен салыстырғанда қауіпсіз.Салыстырмалы деп отырғаным,  Қытайдың 56 зауыты Қазақстанға салынып жатқанда біз қарсылық танытып митингке шықтық, қамалдық, қудаландық. Одан кейін 2021 жылы орман шаруашылығы жерлерін 25 жылға жалға беретін болды.  Ол кезде де Қытай кіретін еді, біз соған қарсы шықтық. Ол – нағыз қауіп еді. Мен визасыз режимді қолдап тұрған жоқпын. Мен қарсымын, бірақ басқалар сияқты байбалам салмаймын, аттандамаймын. Өйткені салыстырмалы түрде жоғарыдағы екі мәселе бұдан да қауіпті. Ол екі мәселе сол күйі шешілмеді, туған жерім Шиелідегі зауытта да қытайлар өріп жүр.  


Осы мәселеге қарсылық танытып жүрген "Нағыз Атажұрт" ұйымының басшысы Бекзат Мақсұтханұлының қамалуына көзқарасыңыз қандай?

Бекзат Мақсұтханұлы соншалықты  елге белгілі адам емес.  Айрықша билікке қарсылығымен көзге түспеген. Серікжан Біләштің өзі шектелге кеткеннен кейін Қазақстандағы ұйымына басша қылып кеткен адам.  Кеше шыққан кезде онымен бірге ешкім шықпады. 15 тәулікке қамапты. Бұл жерде де сұмдық ештеңе жоқ. Өйткені қазір елде киногерлердің өзін соттап жатқанын көріп отырмыз. Бас көтергендерді соттап жатыр. Бекзат Мақсұтханұлы орман шаруашылығы жерлерін Қытайға 25 жылға беретін кезде, елдегі басқа да мәселелерде де үнсіз қалған адам.  Сондықтан бұл жерде атақ-абырой жинау деп есептеймін.