Владислав Челах адвокатсыз қалды

Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресіңнің кері келді бүгін. Арқанкергендегі қырғынға қатысты сотта айыпталушының мүддесін қорғайтын адвокат қалмады. Екі қорғаушысы да бірінен соң бірі Талдықорғанды тастап алды арттарына қарамай Алматыға тартып кеткен.

Соттың бүгінгі отырысы осылайша басталмай жатып бітті. Өйткені кеше түске дейін басым ауырып балтырым сыздады деген адвокат Серік Сәрсенов түскен кейін тіптен келмей қойған. Челахты қорғау әріптесі Естияровқа жүктеліп еді. Бірақ ол да жарты күн отырып, бүгін аяқасты Алматыға тартып кетіпті. Судьяда, жәбірленушілер де, мемлекеттік айыптаушыларда аң-таң.

Александр Кирьяк, мемлекеттік айыптаушы:

- Бұл адвокаттардың әдебін көрсетеді. Заң бойынша нақты себептері болмаса адвокаттардың процесті тастап кетуіне болмайды. Олар ауырғандықтарын сылтау етті, келесі сот отырысына анықтамаларын әкелсе сөйлесеміз.

Челах шатақ шығарып келіп-кетіп жүргенде қандары бастарына шапқан жәбірленушілер бүгінгі адвокаттардың қылығына тіптен қапалы.


Ғарифолла Қапанов, марқұм Данияр Балғабаевтың әкесі:

- Біздің мында ерігіп келген ештеңеміз жоқ. Балаларымыз үшін келдік ата-аналар бәріміз. Былай қарағанда баланың ісі, бір жағынан Челахқа мазақ болдық, бір жағынан адвокатқа мазақ болдық.

Адвокаттардың екеуі бірдей бірінің артынан бірі Алматыға ауырдық  деп аттанғасын бүгінгі процесс кейінге қалдырылды. Егер қорғаушылар Талдықорғанға қайта оралса алдағы мереке күндерінен соң 4 желтоқсан, яки келесі сейсенбі таңертең жалғастырылмақ сот отырысы.