Волейболдан ерлер командалары арасындағы ҚР Президенті кубогында «Қазақстан-1» құрамасы екінші орын алды

Онда тек «Таиланд» құрамасына (0:3) ғана жеңілген Тунис құрамасы 11 ұпаймен кубок иегері атанды. Ал 9 ұпай жинаған «Қазақстан-1», «Таиланд», «Бахрейн» спортшылары 2-4 орынды бөлісті. Қытайдың Бейжің қаласының ««BAIC Motor» командасы 7 ұпаймен бесінші орын алса, қоржынына бірде-бір ұпай сала алмаған «Қазақстан-2» жастар құрамасы соңғы сатыға табан тіреді.

Турнир жеңімпазының тағдыры «Таиланд» пен «Бахрейн», «Тунис» пен «BAIC Motor», «Қазақстан-2» мен «Қазақстан-1» арасындағы ақтық ойында шешілді. Төрт кездесудің қорытындысы бойынша көш бастап тұрған таиландықтар 5-інші орында тұрған бахрейндіктерге 1:3 есебімен есе жіберді. Ал қытайлықтардан 3:2 басым түскен тунистіктер қоржынына 2 ұпай қосып, турнир жеңімпазы мәртебесін иеленді. «Қазақстан-1» құрамасы болса жастарды ойсырата ұтып, таиландықтарды қуып жетіп, партиялардың коэффициенті бойынша қарсыласын турнир кестесінде бір саты төмендетуге мүмкіндік алды.