Жарыс көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 100 жылдығына арнап өткізілді. Екі күнге жалғасқан додаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден 12 команда қатысты.
Топтық кезеңде «Алмалы-1» (Қазақстан), «ҚазҰАУ-2» (Қазақстан), «Ақтау» (Қазақстан), «Талдықорған» (Қазақстан), «Тәшкент» (Өзбекстан) және «Байқоңыр» (Ресей) командалары бірінші топта өнер көрсеткен болатын. Онда алмалылықтар - бірінші, тәшкенттіктер - екінші, талдықорғандықтар үшінші орын алды.
Ал «ҚазҰАУ-1» (Алматы), «Ардагер» (Шымкент), «Жетісу» (Талдықорған), «Алмалы - 2» (Алматы), «Казахфильм» (Алматы), «Өскемен» (Өскемен) командалары арасындағы 2-топтан, өскемендіктер - бірінші, аграрлық университеттің командасы - екінші, шымкенттіктер үшінші орынға ие болды.
Соның нәтижесінде ақтық сында «Алмалы-1» мен «Өскемен» бірінші, «Тәшкент» пен «ҚазҰАУ-1» үшінші орынды өзара сарапқа салды. Бұл сында бәйгеге тігілген 1 миллион теңгені турнир жеңімпазы атанған «Алмалы-1» командасы иеленді. Екінші орын алған «Өскемен» - 500 мың, үшінші орынға табан тіреген «ҚазҰАУ-1» 300 мың теңге алды.