Волейболдан Ұлттық лигадағы әйелдер командалары арасында ел чемпионатының 3-ші туры басталды

Жарыстың алғашқы күні павлодарлықтар («Ертіс-Қазхром») мен «қарағандылықтар», «астаналықтар» мен «алматылықтар» өзара күш сынасады. Алғашқы 2 турда «Ертіс-Қазхром» мен «Қарағанды» бір-бір алма-кезек 3:0 есебімен ұтқан. «Астана» болса қос сайыста да «Алматыдан» 3:1, 3:0 есебімен басым түскен болатын. Ал алғашқы 2 турдың қорытындысы бойынша 8 ойында бірде-бір жеңілістің ащы дәмін татпай, 23 ұпаймен турнир кестесінде көш бастап келе жатқан талдықорғандықтар («Жетісу») бүгін жұпсыз қалып отыр. Асқар Шалқибеков жаттықтыратын «Жетісу» 2011 жылғы 9 ақпаннан бері ел чемпионатында жеңіліссіз келе жатыр. Бұл команда сапында Алена Омельченко, Татьяна Пюрова, Дарья Козлова, Ольга Наседкина, Ольга Соболева, Коринна Ишимцева, Ирина Шенбергер, Марина Стороженко, Екатерина Татко, Александра Исаева, Людмила Анарбаева, Ольга Дробышевская сияқты спортшылар өнер көрсетпек.

Жалпы ел чемпионатының 3-ші туры бастапқыда Астанада өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда, «Астана» волейбол клубы оны өз алаңында емес Щучинскіде өткізуге өтініш білдірген соң ғана бұл жарыс осында жалғасып отыр. Ол 29-ы күні аяқталатын болады.