Волгоградтағы лаңкестікті славян ұлтты ер адам жасаған

деп хабарлады interfax.ru.«Интерфакстің» жедел қызметтегі дереккөзінің хабарлауынша, лаңкестік әрекетті жасаған жанкешті ер адам болып шықты. Оның айтуынша, қылмыскердің аты-жөні анықталды. Құқыққорғау органдарының қызметкері лаңкестің есімін жария етпеген, бірақ оның славян ұлты өкілі екенін атап өтіпті. Бұл ақпарат ресми қуатталған жоқ.
Бұған дейін көптеген БАҚ бомбаны іске қосқан әйел болды деп хабарлаған болатын.
Вокзалға қарсы ғимаратта орнатылған камера жарылыс сәтін түсіріп алған, сол жазба YouTube-та жарияланды:

Соңғы мәліметтер бойынша, қаза болғандар саны 16-ға дейін өсті. Волгоград облысы үкіметінің вице-премьері Василий Галушкиннің айтуынша, он төрт адам оқиға орнында көз жұмған, қалған екеуі ауруханада жантәсілім еткен.
9 бен 60 жас аралығындағы жалпы саны 37 адам ауруханада жатыр. Соның сегізінің жағдайы ауыр, біреуі хал үстінде жатыр.

Ал бұдан бұрынға хабар:


Ресейлік күш құрылымдары бүгін Волгоградта лаңкестік жасаған жанкешті әйелдің кім екенін анықтады, деп хабарлайды «РИА-Новости».

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Волгоградта Мәскеу уақытымен 12.45-те (Астана уақытымен 14.45-те) теміржол вокзалында жарылыс болды. Соңғы мәліметтер бойынша, жарылыс салдарынан 14 адам көз жұмды, ондаған адам зардап шекті.
«Нұсқалардың бірі бойынша, лаңкестік актісін дағыстандық Оксана Асланова жасаған болуы мүмкін, алайда бұл ақпаратты тексеру қажет», - деді құқыққорғау органдарындағы дереккөз.
Оның айтуынша, О. Асланова арнайы операция барысында өлтірілген содырлар көшбасшыларының бірінің жұбайы болған.