Дедвейті 12 мың тоннаны құрайтын еліміздің екінші танкерінің жобасын Ресейдің "Вымпел" конструкторлық бюросы жасап шығарды. Кеме тапсырыс берушіге 2005-жылдың 31-мамырында өткеріп беріледі.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір "Қазтеңізкөлікфлоты" Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясындағылар "Астана" танкерін күтіп алуға қызу дайындық үстінде. Кеме 2005-жылғы мамыр айының аяғында келіп жетеді. Қазақстандық тұңғыш танкерді күтіп алу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысады деп күтілуде.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, отандық жеке танкер флотын құру бағдарламасының аясында "Қазтеңізкөлікфлоты" мен Выборг кеме жасау зауыты арасындағы бас келісімге сәйкес Қазақстанның тапсырысы бойынша дедвейті 12 мың тоннаны құрайтын үш танкер құрастырылады. Тапсырыстардың жалпы құны 40-44 млн. долларды құрайды. Ал "Ақтау" деп аталатын үшінші қазақстандық танкер 2005-жылғы желтоқсанда салынып бітеді.
Бұл танкерлер Ақтау-Баку және Ақтау-Махачкала бағыттарында қатынайтын болады.
Қазір Қазақстандық компания мұнай тасымалы мақсатында Әзербайжан кеме шаруашылығының қарамағындағы 4 мұнай танкерін пайдаланып отыр. КАСПАР немесе Әзербайжан кеме шаруашылығы жүк сыйымдылығы әртүрлі 36 танкер мен әрқайсысының дедвейті 13,5 мың тоннаны құрайтын 2 жаңа мұнай танкерін иемденетін Каспийдегі ең ірі флоты бар шаруашылыққа саналады. "Қазтеңізкөлікфлоты" сондай-ақ Ресейден 4, Ираннан 2 мұнай тасымалдайтын кеме жалдап алған.